Saturday, 23 November,2024

Руслан Желдібай: “Қазақстан қандай да бір одақтас мемлекеттер құруды жоспарлап отырған жоқ”

Uaqyt.info
Фото Ашық дереккөзден

Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Қасым-Жомарт Тоқаевтың Еуразиялық экономикалық форумға қатысудағы басты мақсатын атады, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Бұл туралы Руслан Желдібай өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

“ЕАЭО аясындағы интеграция экономикалық сипатта ғана жүруі керек. Бұл – Президенттің негізгі ұстанымы. Оның шеңберінен шығу ұйымның жарғылық құжаттарының мақсаттарына, принциптері мен міндеттеріне қайшы келеді. Президент атап өткендей, экономикалық интеграция – бұл түпкі мақсат емес, ол экономиканы дамытудың және халықтарымыздың әл-ауқатын арттырудың негізгі құралдарының бірі. Яғни ұйым аясында қабылданатын кез келген шешім оның әрбір мүшесіне және, ең алдымен, олардың азаматтарына пайдасын тигізуі тиіс.

Бүгінде ЕАЭО-ның екі мүшесі – Ресей мен Беларусь өзара ықпалдастықтың жоғары деңгейіне шықты. Бұл – ерекше прецедент. Мемлекет басшысының пайымынша, шын мәнінде, бір халық және бір мемлекет туралы сөз болып отыр. Осы ретте мүлде басқа мақсаттарды көздеген екі түрлі интеграциялық жоба шеңберіндегі бастамалардың ара-жігін ажырату аса маңызды. Біздің елімізге келетін болсақ, Қазақстан қандай да бір одақтас мемлекеттер құруға немесе олардың құрамына кіруге ниетті емес және оны жоспарлап отырған жоқ”, - деп жазды Руслан Желдібай.

Ұсынылатын