Sunday, 8 September,2024

Салымшы құқы сотта тапталуда: Астаналық кәсіпкер 6 жылдан бері мүлкін иелене алмай келеді

Алмас Абылай
Фото

Елордада кәсіпкер салымшы ретінде құрылысы басталған тұрғын үйге ақша құйғанымен ондағы мүлкіне қол жеткізе алмай жүр. Тіпті Жоғарғы сотқа дейін шағымданса да талабы ескерілмеген, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Кәсіпкер Уәлихан Ерғалиев 2016-2017 жылдар аралығында елордада жаңадан құрылысы басталған тұрғын үй кешенінен 530 шаршы метр аумақты кеңсені  сатып алады. Бірақ әлі күнге сол мүлкіне ие бола алмай жүр. Тіпті ақшасын да кері қайтара алмаған. Себеп, құрлысты бастаған  «ASI» компаниясының басшысы сотталып, тұрғын үй кешеніндегі жұмысты ары қарай «Елорда» құрылыс компаниясы жалғастырған. Заңды түрде салымшылар басшысы қамалған компаниядан мүлкін сот арқылы алып, жаңа басшымен тағы бір мәрте келісім шарт жасайды. Бірақ, қазір дәл сол келісім заңды түрде не күшін жоймаған, не сатып алушының құқығын қорғамай қатып тұр.

«Сол кеңсені алған кезде қызымның атына жаздырып едім. Қажтаев Анарбек деген кісіден келісім шартпен алдым. «Елорда» компаниясы сот процесі кезде «Осының бәрі біздің атымызға заңды түрде өтіп алсын, сосын сендерге тиесіліні бөлеміз» деп түсіндірді. Сот бітті, бірақ бізге  тиесілі меншік құқығын рәсімдемей қойды. Себебін сұрағанда «Бұл ТК бюджетке өткізіп жібердік» деп түсіндірді. Сотқа бердік, сотта бізді қорғамады. Енді ақшасы төленген мүлкімді қалай және кімнен өндірерімді білмей отырмын»,- дейді кәсіпкер  Уалихан Ерғалиев.

Уәлихан Ерғалиев бұл жағдай әдейі жасалып жатыр деген ойда. Себебі сағызша созылған істі түбінде қамалып кеткен «ASI» басшысының мойнына ілуі мүмкін. Осылайша салымшылар мүлкі кері қайтарылмай қала ма деп қорқады кәсіпкер. Тіпті өз құқын қорғап Жоғарғы сотқа дейін мәселені көтерген. Бірақ одан нәтиже жоқ.

«Мен өз күшіммен тапқан ақшам көрінгеннің қолында кетті. Кәсіпкер ретінде менің құқығымды кім қорғайды? Мұндай заңсыздықты сот құлықты болса тексеріп, әділін шешер еді. Кәсіпкерлерді аяқтан шалмай ақысын алып беретін еді. Динара Уалиханқызының құқығын қорғап  бұл істі  Есіл ауданындағы соттан бастадық. «Елорда» ҚК  Уалиханова сатып алған Қажтаевты сотқа берді. Қажтаев тағы бір компаниядан сатып алған. Сот олардың келісімін жоққа шығарды. Сосын Қажтаев пен Уалиханованың арасындағы келісім шартты жоққа шығарды. Есіл ауданындағы осы сотта қорғауымдағы азаматтың құқығы еш ескерілмеді. Соңында Уалиханова мен «Елорда» ҚК арасында медиативті келісім жасастық. Онда Уалиханова тағы 16 млн теңге беріп, осы мүлкін алуы керек болған. Бірақ сот бұл келісімді мақұлдамай тастады. Себеп ретінде  "тұрғын үй кооперативі келісім бермеді"деп көрсетті. Қайтадан «Елорда» құрылыс компаниясына бардық. Олар ауызша «еш алаңдамаңыздар, осы соманы төлеп, құрлыс біткенде кеңсені аласыздар» деп қайтарды. Араға уақыт салып, компания мүлде бермейтіндерін айтты. Себеп ретінде, «Біздің қарыздарымыз көп, бүкіл кеңсені  әкімдікке өткізіп жібердік" деді. Бұл жағдайлардың бәрін сот әділ әрі жіті тексермегеніне толық сенімдімін. Қателік сол тұстан кетті»,-дейді адвокат  Бауыржан  Рахалиев.

Адвокат та қорғауындағы азаматтың құқығы тапталып жатқанына сенімді. Өйткені Ерғалиевтер сатып алған кезде жасасқан келісімдер құжаты, төлем түбіртектері бәрі  сақтаулы тұр екен. Соттан әділдік таппай, амалы құрыған кәсіпкер енді БАҚ арқылы ел президентінен көмек сұрап отыр.

«Тоқаев мырза, менің жағдайымда бүкіл құжат қолымда. Бұл жерде мені әуреге салып, сыртқа тебу болып тұр. Сот ынталы болса бәрін анықтауға болады. Мен алаяқтық жасауға тырыссам, мүлікке таласатын үшінші жақ шығуы керек еді. Бірақ ондай ешкім жоқ. Әділдіктің орнауына көмек қолын созсаңыз екен»,- деді Уалихан Ерғалиев.

Ұсынылатын