Салық мобильді аударымдардың барлығына бірдей салына ма?
Салық қай кезде, қанша сомадан ұсталады? Көпшілікті көптен бері мазалап жүрген сұраққа бүгін қаржы министрлігі жауап берді, деп хабарлайды Uaqyt.info КТК-ға сілтеме жасап.
Салық мобильді аударымның бәріне салынбайды, тек жеке кәсіпкерлердің транзакциясы бақылауға алынады дейді вице-министр Ержан Біржанов.
“Ата-анасынан, бауырынан, әпкесінен яки қайырымдылық мақсатта жасалған аударым болуы мүмкін. Яғни жеке мақсаттағы аударымдар тексерілмейді. Біз жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне енген жеке кәсіпкерлердің деректерін алуымыз керек”, - деді вице-министр.
Егер кәсіпкерге үш ай қатарынан әртүрлі адамнан 100 мобильді аударым түссе және бұл сома 255 мың теңгеден асса, онда кәсіп иелері бақылауға алынады.
Яғни осы нақты үш талап толық сәйкес келуі керек. Бұл мәжбүрлі шара дейді сенаторлар алдында есеп берген вице-министр. Себебі былтыр мобильді аударымдардың көлемі 80 триллион теңгені құрап, еліміздегі сауда айналымының негізгі бөлігін құраған.
2023 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша жеке кәсіпкерлердің 70 пайызға жуығы тапқан табысын жасырған. Бюджет бүйірін толтыру мәселесі қаржыгерлерді ғана емес, сенаторларды да алаңдатып жүр.
“Әділетті болу керек қой. Сізбен бірге екі үйдің арасында екі сауда нүктесі жұмыс жасап жатырмыз. Сіз касса аппаратын қойып, төлеп жатырсыз. Затыңыз толық өтпейді. Қасыңызда қосымша сауда жүргізеді. Оның кәсіпкерліктің құжаты болғанымен, қосымша арқылы аударады да, бір үйде бір деңгейде сауда жүргенімен, ал ол негізі салық базасына кетеді” – деді Сенат депутаты Бекболат Орынбеков.