Саналы ұрпақ салтын ұлықтайды
Бүгін Алматыдағы №172 мектеп-гимназиясында “Ата салтым – асыл қазынам” атты іс-шара өтті. “Біртұтас тәрбие” бағдарламасы аясында ұйымдастырылған жиынға ата-аналар, ақсақалдар алқасы, оқушылар және ұстаздар қатысты, - деп хабарлайды Uaqyt.info.
Ұлттық мәдениетті дәріптеу, ата-салтты ұлықтау мақсатында өткізілген іс-шараның негізгі түйіні – балаларды рухани тәрбиелеу. Бүгінгі өткен жиында әжелер жастарға баланы бесікке салудың тамаша үлгісін көрсетсе, аталар қазақтың салт-дәстүрлері туралы қызықты деректер айтты.
№172 мектеп-гимназиясының директоры Әлия Шорманова мұндай іс-шаралар мектепте тұрақты түрде өткізіліп тұратынын айтады.
“Мектебімізде ұлттық құндылықтарды насихаттау барысында көптеген игі жұмыстар атқарылып жатыр. Мәдениет пен қазақтың салт-дәстүрін жас ұрпақтың бойына сіңіру - біздің басты мақсатымыз деп білемін. Ата-ана, оқушы, мұғалім үштігі бір-бірімен үнемі тығыз байланыста. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен биылдан бастап Наурыз мерекесі жаңаша жаңғырып, 10 күн қатарынан тойланатын болды ғой. Бүгінгі өткен іс-шара соның бір көрінісі. Наурыз мерекесі елімізге құтты да, қайырлы болсын”, - деді Әлия Шорманова.
№172 мектеп-гимназиясының ұстаздары мен оқушылары әр жұма сайын білім ордасына зерлі шапан, оюлы тақия және заманауи үлгіде тігілген ұлттық киіммен келуді әдетке айналдырған. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бейбітгүл Сұлтанғазиеваның айтуынша, тек мерекеде ғана емес, ұлттық киімді ұдайы киіп жүру – ұлт мәдениетінің асқақтауына зор септігін тигізеді.
“Ұлттық киім – ұлт мәдениетінің жарқын көрінісі. Сондықтан біздің мектептің ұл-қыздары наурыз айында біріңғай ұлттық киіммен жүреді. Бұл бастаманы қолға алғанымызға 5-6 жылдың жүзі болды. Бұдан бөлек мектебімізде оқушыларға арналған түрлі үйірмелер жұмыс істеп тұр. Он саусағынан бал тамған күйшілеріміздің санын мыңға жеткізсек деген жоспарымыз бар. Қазіргі уақытта білім ордасында 3240 оқушы білім алып жатыр”, - деді Бейбітгүл Сұлтанғазиева.
Ұлттық құндылықтарды бала бойына сіңіру мақсатында өткізілген осындай іс-шаралар бұл мектепте алдағы уақытта да жалғасын таппақ.