Сананы улайды: Қырғызстан TikTok-ты бұғаттауға шешім қабылдады
Қырғызстанның Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі ел аумағында TikTok әлеуметтік желісін бұғаттау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Бұл туралы Кабар жазды. Дерекке сүйенсек, министрлік атына бірқатар үкіметтік емес ұйымнан TikTok желісін жабу туралы және бұл балалардың психикалық дамуы мен денсаулығына теріс әсер етіп жатқаны жайлы бірқатар хаттар түскен.
Тіпті TikTok пайдаланушыны қысқа клиптердің виртуалды әлеміне жетелейтіні, жасөспірімдер белгілі бір бейнелерді қайталауға тырысатыны, тіпті кейбірі өмірге қауіп төндіретіні жазылған. Сонымен бірге, балалар психикасы енді қалыптасып жатқаны, оның әлі де тұрақсыз екені және мұндай контент тәуелділік тудырып, жас ұрпақтың эмоционалды жағдайына теріс ықпал ететіні де айтылған.
Алаңдашылық білдірген ұйым хабарламасы негізінде министрлік желіні бұғаттау туралы шешім қабылдап отыр.
"Осыған байланысты министрлік аталған әлеуметтік желінің контентіне мониторинг жүргізіп, платформа тарапынан балалардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпаратқа қол жеткізуді шектеу, жас санатын бақылау функциялары жоқ екенін анықтаған. Осылайша, көптеген өтінішті ескеріп, жүргізілген мониторинг негізінде Қырғызстан аумағында TikTok сервисін тарату қызметін тоқтату туралы шешім қабылданды", - делінген хабарламада.
Бұл шешім Қырғыз Республикасының заңнамасы шеңберінде одан әрі іске асыру үшін елдің Цифрлық даму министрлігіне жіберілді.