Sunday, 24 November,2024

Санитария сақталмаған: Алматы облысындағы балалар лагерінің директоры жұмыс орнында мас жүр

Алмас Абылай
Фото Прокуратура

Алматы облысы Қонаев қаласындағы балалар лагерінің директоры мас күйінде ұсталды, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Бұл туралы Бас Прокуратура таратқан ақпаратта айтылады. Дерекке сүйенсек, ведомства Алматы облысындағы 22 балалар лагеріне тексеріс жүргізген. Нәтижесінде 8-і өз қызметін уәкілетті органдардың рұқсатынсыз, санитарлық-эпидемиологиялық және өртке қарсы ережелерді бұзу арқылы жүзеге асырған.

"Әрбір екінші балалар мекемесінің ойын және спорт алаңдарында қауіпсіздік талаптары сақталмағаны анықталды. Ескі жатын-орындары күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұл ретте, 4 балаға арналған бөлмелерде іс жүзінде 8 немесе одан да көп адам орналастырылған", - делінген ақпаратта.

Тіпті «Бәйтерек» (Қонаев қаласы) лагерінде мемлекеттік сатып алу туралы шарттың талаптарына қайшы, балалардың демалысы мен білім алуы дұрыс ұйымдастырылмаған. Қапшағай су қоймасында балалардың суға түсуі кезінде қауіпсіздігі қамтамасыз етілмеген.

Оның үстіне, аталмыш лагерь директоры жұмыс орнында мас күйінде болған. Ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды (ҚР ӘҚБтК 440-бабы).

Тексеру қорытындылары бойынша балалар лагерлері әкімшілігінің кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамауына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру (ҚК 140-бабының 2-бөлігі) басталды.

Ұсынылатын