Сақ болыңыз! Алаяқтар халықты енді WhatsApp арқылы алдай бастады
Алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды. Олар WhatsApp арқылы түрлі сұрақтар қойып, тақырға отырғызуды әдетке айналдырған, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Жетісу облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, алаяқтар WhatsApp арқылы қоңырау шалып, адамдарға банк қызметкерлері ретінде таныстырады. Кейіннен сіздің атыңызға несие рәсімделгенін және банк операциялары туралы хабарлайды. Мұндайда сіз телефон тұтқасын дереу қойып, өзіңізге қойылған сұрақтарға жауап бермеңіз. Өйткені олар иә, жоқ деген сөздеріңізді арам мақсатта пайдаланып кетуі мүмкін.
«Егер сізге осылай қоңырау шалса, ешқандай мәлімет бермеңіз және әңгімені дереу тоқтатыңыз. Себебі банк қызметкерлері жұмыс қоңырауына WhatsApp мессенжерін қолданбайды. Күмән туындаған жағдайда қаскүнем болып көрінетін ұйымның ресми байланыс нөміріне қайта қоңырау шалыңыз, сондай-ақ 102-ге хабарласыңыз» деп ескертеді Жетісу облыстық полиция департаменті.