Saturday, 23 November,2024

Сарбаздар қатарын толықтыру ма? Ресейде әскери тіркеуден өтпеген Орта Азиялық мигранттарға рейд жүргізілуде

Алмас Абылай
Фото

Ресейде азаматтық алып, бірақ әскери тіркеуден өтпеген мигранттарға рейд жұмыстары басталды. Соңғы 2 күннің ішінде 400-дей адам анықталған, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Коммерсантъ-тың жазуынша, рейд жұмыстары нәтижесінде 100-ге жуық мигрант әскери бөлімшеге жеткізілген. Ресей азаматтығын алған Орта Азия азаматтарын анықтау ісі Санк-Петерборда басталды.

Ресми түрде рейдтің мақсаты "азаматтардың көші-қон заңын сақтап жүргенін-жүрмегенін қадағалау" деп айтылады, ал адамдарды әскери комиссариатқа апаруды полиция тексеріс шараларына енгізілген "жаңа нәрсе" деп түсіндіріпті. Ресей полициясының хабарлауынша, рейд барысында бірнеше жүз адамның құжаттары тексерілген, басым бөлігі – шетел азаматтары. Әскери комиссариатқа жеткізілген 100 адам – жуырда Ресей паспортын алғанмен әскери есепке тұрмаған.

"Тексеру нәтижесінде 400-дей шетелдік азамат анықталды. Олардың ішінен жүзге жақыны Ресей азаматтығын алып, бірақ әскери тіркеуден өтпеген, 55-і көші-қон заңын бұзған. Жасанды құжат көрсеткен бір мигрантқа қылмыстық іс қозғалды", - делінген ақпаратта.

Рейдке байланысты түсініктеме берген Ресей президенті жанындағы адам құқығы кеңесінің жетекшісі Валерий Фадеев Ресей азаматтығын алғандарға паспорт берген кезде оларды бірден әскери есепке алу керек, себебі "Ресейдің жаңа азаматтарының құқықтары ғана емес, отан қорғау сияқты міндеттері де болады" дейді.

Соңғы уақытта Ресейде Орталық Азияда туылған, кейінірек Ресей азаматтығын алған ер адамдарды әскери комиссариатқа шақыру жағдайлары жиілеп кетті. Әсіресе әскери қызметке кіретін қырғызстандықтардың саны артқан. Сарапшылар келушілерді жалақы мен азаматтықты тез алу мүмкіндігі қызықтыратынын атап өтті. Сонымен қатар, олар қызметтен бас тартқан жағдайда жиі азаматтығынан айырылады деп қорқытады.

Дей тұрғанымен, Ресей азаматтығын алған Орта Азиялықтардың алда-жалда соғысқа қатысқаны анықталса, өз елдерінде жаза күтіп тұр.

Ұсынылатын