Семейде бір топ әйелдің үш қызды жабылып ұрған видеосы жаға ұстатты
Семейде 8 әйелдің үш қызды жабылып ұрған сәті ғаламторда тарады. Атышулы бейнежазбаға қатысты полиция тергеу амалдарын бастады, деп хабарлайды Uaqyt.infо.
“2023 жылдың 6 қыркүйегінде Семей қаласында жаға ұстатарлық оқиға болды. 8 әйел 3 қызды жабылып ұрып-соққан. Қыздар қазір бас жарақаты және дене жарақаттарымен, сүйек сынуы және ісіп-көгеру белгілерімен ауруханада жатыр. Қыздарды бірден ауруханаға апарудың орнына, жергілікті полиция 4 сағат учаскеде ұстап отырған”, - делінген хабарламада.
Ал Абай облыстық полиция департаменті аталған дерекке қатысты тергеу амалдарының жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
“Аталған фактіге қатысты орталық полиция бөлімі ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастағанын хабарлайды. Жедел шаралар жүргізілу барысында жанжалдың 21-29 жас аралығындағы қатысушылары анықталды. Қазіргі уақытта тергеудің толықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар тергеу әрекеттері жүргізілуде”, - делінген хабарламада.