Saturday, 23 November,2024

“Серік-голова” өлтірген журналист тірі жүр ме? Оралғайша Омаршанова туралы тың дерек шықты

Uaqyt.info
Фото

Қылмыс әлемінде“Серік-голова” лақап атымен танымал Серік Жаманаев өлтірген журналист Оралғайша Омаршанованың тірі жүргені туралы ақпарат шықты. Мұндай мәлімдемені журналистің күйеуінің туыстары жасап отыр, деп хабарлайды Uaqyt.info.

2007 жылы Серік Жаманаевтың қолынан қаза тапқан журналист Оралғайша Омаршанованың тірі жүргенін Uaqyt.info тілшісіне Гүлнар Сәдуақасова айтып берді. Гүлнар – Оралғайшаның күйеуі Марат Шәріповтің туған әпкесі. Оның айтуынша, бұрынғы келіні Алматыда жүр.

“Оралғайша Омаршанованың тірі жүргенін біз 2022 жылдың тамызында естідік. Бұл хабарды бізге Алматыда тұратын күйеу балам айтты. Ол Оралғайшамен автобуста кездойсоқ жолығып қалған. Сол кезде адам көптігін пайдаланып, Омаршанова қоғамдық көліктен түсіп, қашып кетіпті. Туысымыз оны содан кейін таппай қалған. Олар бір-бірін бұрыннан жақсы таниды. Оралғайша тірі жүргеніне сенімдімін”, - деді Гүлнар Сәдуақасова.

Гүлнар Сәдуақасова бұған дейін інісінің өліміне туған келінін кінәлаған болатын. Ол сол күдігім расталды дейді. Оның айтуынша, бауыры Мараттың сүйегі 25 жылдан кейін Талдықорған маңындағы Қарабұлақ ауылынан табылыпты.

“Мараттың денесін жекеменшік үйдің ауласына көміп тастапты. Мен бұған дейін де айттым ғой Оралғайшаның інісі Жанат бауырымды өлтіргендердің кім екенін біледі деп. Президентке хат жазып жатып, сол кісінің қолдауымен 25 жыл өткенде інімнің сүйегін таптық. Оралғайшаның інісі мәйіттің қайда жатқанын көрсетіп берді. Жанаттың айтуынша, Маратты Оралғайша өлтірген, ал бұл көмуге көмектесіпті. Інім 23 жерден пышақталыпты. Оны сараптама қорытындысы шығарып берді, - деді Гүлнар Сәдуақасова.

Бірақ мәйіттің қайда жатқанын көрсеткенімен, Оралғайшаның інісі ешқандай жауапқа тартылмаған. Гүлнар Сәдуақасова әділдік іздейді.

“Жетісу Полиция департаментіне арыз түсірдік. Бірақ ешқандай қимыл-қозғалыс жоқ. Бауырымды көміп тастаған адам қазір бостандықта жүр. Оралғайша Омаршанованың тірі екенін де айтып, Алматыдағы құзырлы органдарға жаздым. Өкінішке қарай, олардан да қайыр болмай тұр”, - деді Гүлнар Сәдуақасова.

Гүлнар Сәдуақасова туған бауыры Марат Шәріповтің сүйегін 25 жылдан кейін туған жеріне апарып қойғанын айтады. Ол інісін өлтіргендерді жазасыз қалдырмаймын деп отыр.

 

 

 

 

Ұсынылатын