Серік Күдебаев Бішкек арқылы Ыстамбұлға ұшқан – Бас прокуратура
Алматы облысы Полиция департаментінің бұрынғы бастығы Серік Күдебаевтың Қырғызстан арқылы Түркияға ұшқаны белгілі болды, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев мәлімдеді. Оның айтуынша, елден қашып кеткен Күдебаевтың үстінен қылмыстық іс қозғалған.
"Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Істің маңыздылығын ескере отырып, істі Бас прокуратура өз бақылауына алды. Іздеу жұмыстарына ең тәжірибелі қызметкерлер тартылған. Қырғызстанға сұраныс жібердік, енді бірлескен іздестіру шараларын жүргіземіз. Қырғызстандық әріптестеріміздің мәліметінше, Күдебаев оларға жетіп, Манас әуежайы арқылы Ыстамбұлға ұшып кеткен. Олар бұл ақпаратты қазір беріп жатыр. Түркиямен келісіміміз бар, қазір олармен жұмыс істеп жатырмыз. Біз барлық ақпаратты бере алмаймыз, адам қашып жүргендіктен, бұл тергеуге зиян тигізуі мүмкін", - деді Өмірәлиев.
Айта кетейік, “Қаңтар оқиғасы” бойынша істі болған Серік Күдебаев осы айдың басында елден қашып кеткен болатын. Оған халықаралық іздеу жарияланды.