Sunday, 24 November,2024

Соңғы арман: Назарбаевқа қасиетті Түркістаннан топырақ бұйыра ма?

Алмас Абылай
Фото Ашық ғаламтордан

Журналист Қанат Әбілқайыр ұлылар жерленген киелі Түркістанға тұңғыш президент Назарбаевты да болашақта жерлеу тарихқа қиянат екенін жазды, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Facebook-тегі парақшасында Қанат Әбілқайыр Түркістанға жаңа леп берген тәуелсіз елдің алғашқы президенті екеніне тоқталады. Әрі болашақта сол киелі топырақтағы хандардың жанынан орын бұйырса екен деген арманмен өңірді дамытуға мән бергенін де жазады.

"Түркістанның гүлденуіне Өзбекстанның экс-президенті Ислам ака Каримовтың қазасы жанама әсер етті.  Назарбаев әріптесінің зиратын көріп, "Қазақ хандары жерленген қасиетті Түркістаннан маған да топырақ бұйыртса ғой" деген оймен қайтты. Экс-президенттің сол сапардан ораларда тіке Түркістанға қонуы, артынша елеусіз қалған қаланы облыс орталығы етуі тегін болмаса керек. Содан бері, Түркістанның жаңа тынысы ашылды", - дейді журналист.

Сонымен қатар ол Назарбаевтың соңғы арманы дәл осы қасиетті мекен екенін де ашық жазады. Әрі сол ойды халық шуласа да қолдайтынына тоқталады.

"Назарбаевтің сол соңғы арманы орындала ма? Менің жеке ойымды көп халықтың қолдамайтынын білемін. Кешегі "назарбаевшылардың" өзі лағынеттеп шыға келері анық. Сонда да айтайын. Біз қазақ тарихынан "Нұрланған Назарбаев дәуірі" атанған отыз жыл уақытты сызып тастай алмаймыз. Оны сызып тастау - тарихи қиянат. Сондықтан, қазақ мемлекетінің тізгінін ұстаған Назарбаев та, одан кейінгілер де, бәрі-бәрі Түркістанға жерленуі керек. Назарбаевтің қаншама қиянатын көрсек те, Қаңтардың қырғынын ұмытпасақ та, баяғы Алтынорданың мұрагері екенімізді, бағзыдан бері бір орталықтан бағынған мемлекет болғанымызды әлемге дәлелдеуге тиіспіз. Елбасыға деген бүгінгі бұқараның өкпесіне елітіп, қазақтың жаманды-жақсылы отыз жылын күресінге лақтыруға болмайды. Жақсы көрсеңіздер де, жек көрсеңіздер де менің жеке ойым осы", - деп қорытындылайды жазбасын.

Желідегі жұрт бұл пікірге түрлі ойларын жазуда. Бірі қолдаса, енді өзгелері туған жеріне жерленсін дегенді алға тартқан.

Ұсынылатын