Соттан әділдік таппаған кәсіпкер Президенттен көмек сұрады
Астаналық кәсіпкер 6 жылдан бері салымшы ретінде үйдің ақысын төлеп, мүлкіне қол жеткізе алмай жүр, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Астаналық кәсіпкер 2016-2017 жылдар аралығында жаңадан салынып жатқан тұрғын үй кешенінен 530 шаршы метр аумақты кеңсені сатып алып, бүгінде не ақшасына не сатып алған мүлкіне қол жеткізе алмай жүр. Себеп, құрлысты бастаған «ASI» компаниясының басшысы сотталып, ТК құрылысын «Елорда» құрылыс компаниясы жалғастырады.
Осы жағдайлар орын алған сәтте екінші компанияға құрлыстың қалған бөлігі, яғни ТК толықтай өтеді. Заңды түрде салымшылар басшысы қамалған компаниядан мүлкін сот арқылы алып, жаңа басшымен тағы бір мәрте келісім шарт жасайды. Бірақ, қазір дәл сол келісім заңды түрде не күшін жоймаған, не сатып алушының құқығын қорғамай қатып тұр. Сол себепті де кәсіпкер не мүлкіне, не ақшасына қол жеткізе алмай отыр.
«Сол кеңсені алған кезде қызымның атына жаздырып едім. Қажтаев Анарбек деген кісіден келісім шартпен алдым. «Елорда» компаниясы сот процесі кезде «Осының бәрі біздің атымызға заңды түрде өтіп алсын, сосын сендерге тиесіліні бөлеміз» деп түсіндірді. Сот бітті, бірақ бізге тиесілі меншік құқығын рәсімдемей қойды. Себебін сұрағанда «Бұл ТК бюджетке өткізіп жібердік» деп түсіндірді. Сотқа бердік, сотта бізді қорғамады. Енді ақшасы төленген мүлкімді қалай және кімнен өндірерімді білмей отырмын»,-дейді кәсіпкер Уалихан Ерғалиев.
Оның болжамынша жағдай әдейі осылай күрделендірілген. Соңында қарапайым адамның мүлкі, қамалып кеткен «ASI» басшысының мойнына ілінеді ме деп қорқады.
Кәсіпкер мұның бәріне 2016 жылдан бергі теңгенің құнсыздануы, бағалардың өсуі себеп деп біледі.
«Мен өз күшіммен тапқан ақшам көрінгеннің қолында кетті. Кәсіпкер ретінде менің құқығымды кім қорғайды? Мұндай заңсыздықты сот құлықты болса тексеріп, әділін шешер еді. Кәсіпкерлерді аяқтан шалмай ақысын алып беретін еді»,-дейді Уалихан Ерғалиев.
Өйткені бұл іс Есіл аудандық сотынан бастап, Жоғарғы сотқа дейін көтерілген. Бірақ кәсіпкердің мүлкі қайтарылмаған.
«Динара Уалиханқызының құқығын қорғап бұл істі Есіл ауданындағы сотан бастадық. «Елорда» ҚК Уалиханова сатып алған Қажтаевты сотқа берді. Қажтаев тағы бір компаниядан сатып алған. Сот олардың келісімін жоққа шығарды. Сосын Қажтаев пен Уалиханованың арасындағы келісім шартты жоққа шығарды. Есіл ауданындағы осы сотта қорғауымдағы азаматтың құқығы еш ескерілмеді.
Соңында Уалиханова мен «Елорда» ҚК арасында медиативті келісім жасастық. Онда Уалиханова тағы 16 млн теңге беріп, осы мүлкін алуы керек болған. Бірақ сот бұл келісімді мақұлдамай тастады. Себеп ретінде "тұрғын үй кооперативі келісім бермеді"деп көрсетті. Қайтадан «Елорда» құрылыс компаниясына бардық. Олар ауызша «еш алаңдамаңыздар, осы соманы төлеп, құрлыс біткенде кеңсені аласыздар» деп қайтарды. Араға уақыт салып, компания мүлде бермейтіндерін айтты. Себеп ретінде, «Біздің қарыздарымыз көп, бүкіл кеңсені әкімдікке өткізіп жібердік" деді.
Бұл жағдайлардың бәрін сот әділ әрі жіті тексермегеніне толық сенімдімін. Қателік сол тұстан кетті»,-дейді адвокат Бауыржан Рахалиев.
Адвокат қорғауындағы азаматтың құқығы тапталып жатқанына сенімді. Өйткені Ерғалиевтер сатып алған кезде жасасқан келісімдер құжаты, төлем түбіртектері бәрі сақтаулы тұр дейді.
Кәсіпкер Уалихан Ерғалиев соттан әділдік таппадым деп, БАҚ өкілдері арқылы ел президентінен көмек сұраудан басқа амалы қалмағанын айтады.
«Тоқаев мырза, менің жағдайымда бүкіл құжат қолымда. Бұл жерде мені әуреге салып, сыртқа тебу болып тұр. Сот ынталы болса бәрін анықтауға болады. Мен алаяқтық жасауға тырыссам, мүлікке таласатын үшінші жақ шығуы керек еді. Бірақ ондай ешкім жоқ. Әділдіктің орнауына көмек қолын созсаңыз екен»,-дейді кәсіпкер Уалихан Ерғалиев.