ШҚО-да бүлдіршін балабақшаның екінші қабатынан құлап кетті
Алмас Абылай
Фото Ашық ғаламтордан
Шығыс Қазақстан облысында бүлдіршін балабақша терезесінен құлап кетті. Ол бірден дене жарақатымен ауруханаға жеткізілген, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Оқиға 11 шілде күні болған. Артынша қызметтік тексеріс жүргізіліп, тәрбиеші жұмыстан босатылыпты.
Белгілі болғандай, дәл сол күні балабақша тәрбиешісі түскі мезгілде құжат реттеуге бөлмеден шығып кеткен. Балалар үйқыға жатқан мезгіл болатын. Бірақ бөлмені жинап жүрген көмекші бүлдіршіннің қалай орнынан тұрып кеткенін байқамапты. Дәретханаға шыққан бала екінші қабаттың терезесінен құлап отыр.
Алтай аудандық білім басқармасы бұл жағдайдан кейін тәрбиешіні жұмыстан шығарған. Бала ауруханаға жатқызылып, бір аптадан кейін үйіне жіберіліпті. Медициналық қорытындыға сәйкес, биіктен құлау салдарынан баланың денесінде көгерген жарақаттар бар.