ШҚО-да Лениннің ескерткішін құлатқандар 7 жылға сотталуы мүмкін
Алмас Абылай
Фото Видеодан кадр
Шығыс Қазақстан облысында трактормен Ленин ескерткішін құлатқандардың әрекетіне байланысты тергеу жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Бұл туралы өңірдегі YK-news.kz жазды. Дерекке сүйенсек, полицейлер тергеу аясында болған оқиғаның мән-жайын анықтамақ.
Оқиға Алтай ауданының орталығында болған. Желі қолданушылары дәуірі өткен тұлғаны қайта орнына қоюдың мәні жоқ екенін жазуда. Десе де жергілікті әкімдік реставрациялау жұмыстарын аяқтаған соң тұлғаны тұғырына қайта қондырмақ. .
Осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 203-бабының 1-бөлігі "Тарих, мәдениет ескерткіштерін, табиғи кешендерді немесе мемлекет қорғауға алынған объектілерді қасақана жою немесе бүлдіру" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Жаза ретінде үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған, - деді ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер.