ШҚО-дағы Күршім ауданында төтенше жағдай жарияланды
Шығыс Қазақстан облысындағы Күршім ауданында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Себебі бұл өңірді қалың қар басып қалған. Кей жерлерде ақ ұлпаның қалындығы екі метрге дейін жетеді. Коммуналдық қызмет бір апта бойы жауған қарды тазартып үлгермей жатыр, деп хабарлайды Uaqyt.info ktk-ға сәлтеме жасап.
Әсіресе Марқакөлге қарасты бірқатар ауылмен байланыс үзіліп, қатынас тоқтаған. Қар құрсауында қалған тұрғындарға азық-түлік пен дәрі-дәрмекті тікұшақпен жеткізіп жатыр.
Апта бойы толассыз жауған қар Күршім ауданының тіршілігін тұралатып тастады. Әсіресе марқакөлдіктер қар астында қалды. Қарой, Қарашілік, Төсқайың, Бұғымүйіз және Шанағаты ауылдарына көлік тұрмақ, жаяу адамның жетуі мұңға айналған. Кейбір жерде қардың қалындығы екі метрге жеткен.
Құтқарушылардың жол талғамайтын көліктерінің өзі қалың қарға омбығып, тұсаулы аттай титықтап жатыр. Мектеп оқушылары қашықтан оқуға көшірілген.
Ал баспанасынан шыға алмай қалған жұрт ауласын ақ ұлпадан тазартып әлек. Олар далада қалған төрт түлік түгілі, көршісінің үйіне бара алмай отыр.