СҚО-дағы шошқа фермасында мерт болған жұмысшыларға қатысты тергеу аяқталды
Солтүстік Қазақстан облысында шошқа өсіретін фермада төрт жұмысшы көз жұмды. Олардың қазасына жұмыс берушінің кінәсі бар, деп хабарлайды Uaqyt.info.
СҚО Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының мәліметінше, Тайынша ауданы Новоивановка елді мекеніндегі жұмысшылардың қазасына қатысты тергеу амалдары жүргізіліп бітті. Оның қорытындысы бойынша жұмыс берушінің кінәсі 80% дәлелденді. Естеріңізде болса, тамыз айының басында шошқа бордақылау алаңында 8 метрлік кәріз құдығын тазалау кезінде төрт жұмысшы газға уланып мерт болған еді.
«Жұмыс берушінің кінәсі 80% дәлелденді. Технологиялық процестердің сақталмағандығы, еңбек қауіпсіздігі бойынша оқытудың жеткіліксіздігі, жұмыстың жеткілікті деңгейде ұйымдастырылмауы, жұмысшылардың жеке және ұжымдық қорғану құралдарымен қамтамасыз етілмеуі, машина, қондырғы, механизмдердің жеткіліксіздігі анықталды. Ал қалған 20% - қаза тапқан жұмысшылардың қауіпсіздік ережелерін өрескел түрде сақтамауынан. Олар қорғану құралдарының бір бөлігімен қамтылған, бірақ оны жұмыс барысында қолданбаған», - дейді басқарманың еңбекті қорғау және қауіпсіздікті бақылау бөлімінің басшысы Азат Күшербаев.