Friday, 22 November,2024

Шымкент әкімі әлем чемпионы Махмұд Сабырханға пәтер сыйлады

Uaqyt.info
Фото Ашық дереккөзден

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов бокстан Ташкентте өткен әлем чемпионатында алтын медальға қол жеткізіп, ел мерейін үстем еткен Махмұд Сабырханға және оның жеке бапкері Илияс Оралбековке құрмет көрсетті, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Бұл туралы Мұрат Әйтенов өзінің Instagram-дағы парақшасында жазды.

“Бүгін Бокстан Әлем чемпионатының жеңімпазы Махмұд Сабырхан мен жеке жаттықтырушысы Илияс Оралбековты қабылдап, арнайы құттықтауымды жеткізіп, алдағы Азия және Олимпиада ойындарына сәттілік тіледім. Әлемдік аренада еліміздің абыройын асқақтатып, туымызды желбіреткен спортшыға 2 бөлмелі пәтер мен 5 млн теңгенің сертификаты табысталды”, - деп жазды әкім.

Шымкент кәсіпқой клубының директоры Заңғар Қасқаевтың айтуынша, пәтерден бөлек әкімдік боксшыға темір тұлпар да атаған. Бірақ ол сыйлықты алдағы Азия ойындарында жеңіске жеткенде ғана табыстамақ екен.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы әлем біріншілігінде 4 алтын, 1 күміс медальға қол жеткізді. Махмұд Сабырхан 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен болатын. Ол финалда өзбек боксшысы Айбек Джураевты екі мәрте нокдаунға жіберіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті.

 

 

Ұсынылатын