Шымкентте 32 шетелдік азамат елден шығарылды
Шымкентте 32 шетелдік азамат ел аумағынан аластатылды, – деп хабарлайды Uaqyt.info.
Polisia.kz медиа-порталының жазуынша, мегаполис сақшылары шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың көші-қон заңнамасын сақтауын қатаң бақылауға алған. Мәселен, 2023 жылдың 3 айында Шымкентте 3591 шетелдік және азаматтығы жоқ тұлғалар тіркеуге алынды. Оның ішінде, 218 азамат алыс шетелден, 3373 адам ТМД елдерінен келген.
Сондай-ақ көші-қон заңнамасын бұзған 873 шетелдік пен ҚР-сы азаматтары анықталып, заң жүзінде жауапкершілікке тартылды. Оның 439-ы – өзге елдің азаматы. Сот шешімімен 32 шетелдік ел аумағынан аластатылды. Сонымен қатар шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған 59 тұлға мен оларды тұрғын үймен қамтамасыз еткен 204 Қазақстан Республикасының азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шымкент полициясы қала тұрғындары мен қонақтарын көші-қон заңнамасын бұзбауға шақырады. Шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланбауды және оларды тұрғын үймен қамтамасыз етпеуді ескертеді.