Шымкентте полицей қызметтік көлікпен 2 адамды қағып кетті
Шымкентте қызметтік көлікпен 2 адамды қаққан полицей тергеуге алынды, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Polisia.kz дерегіне сүйенсек, Шымкентте полицейдің қатысуымен болған жол көлік оқиғасы бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Оқиға 3 тамыз күні сағат 17:00 шамасында Байтұрсынов көшесіндегі жаяу жүргіншілер өткелінде болған. Тұран АПБ-ның жүргізуші полицейі қызметтік автокөлікпен 2 адамды қағып кеткен.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан анасы мен кәмелет жасына толмаған қызы ауруханаға жеткізілді.
Аталған жайт Шымкент қаласы полиция департаментінде ҚР ҚК-нің 345-бабы 2-бөлігі (Көлік құралдарын басқаратын адамның абайсызда адам денсаулығына ауыр зиян келтіруге әкеп соққан жол жүру қағидаларын бұзу) бойынша тіркелді. Қажетті сараптамалар тағайындалды.
"Шымкент қаласы ПД-ның басшылығы зардап шеккендерден және олардың туыстарынан полиция қызметкері жолда адамдардың жарақат алуына жол бергені үшін кешірім сұрайды. Сотқа дейінгі тергеумен ПД-ның анықтау басқармасы айналысып жатыр. Тергеу барысы Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы Қайрат Далбековтің қатаң бақылауында", - делінген ақпаратта.