Sunday, 28 April,2024

Шымкентте жантүршігерлік оқиға: Жолаушылар автобусы жол жиегіндегі 4 адамның өмірін қиды

Алмас Абылай
Фото ҚР ІІМ баспасөз қызметі

Шымкентте жолаушылар автобусы жүргізуші сыртқа шыққанда қол тежегішінен шығып кетіп 6 адамды қағып кетті. Оның 4-уі көз жұмған, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Оқиға кешкі сағат 18:30 шамасында қаладағы "Метро" сауда үйінің маңында болды. Жүргізуші автобусты тоқтатып, қол тежегішін тартқан да сыртқа шығып кеткен. Бірақ жолаушылар көлігі жүргізушісіз жүріп кетіп, жолдың қарсы бағытына шыққан. Тіпті жол жиегіндегі жаяу жүргіншілерді қағып барып бірақ тоқтады.

"Екі көшенің қиылысында жүргізуші басқаруынсыз автобус қарсы бағытқа шығып кетіп, жаяу жүргінші жолағында келе жатқан 6 адамды қағып кеткен.  Салдарынан екі әйел мен жасөспірім оқиға орнында және кәмелетке толмаған қыз жансақтау бөлімінде көз жұмды. Тағы екі адам ауруханада жатыр", - делінген полиция ақпаратында.

Қазір оқиға бойынша анықтаушылар мен криминалистер жұмыс істеп жатыр. Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, автобустың жұмысқа жарамдылығын тексеру үшін автотехникалық сараптама тағайындалды. Жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Ұсынылатын