Monday, 25 November,2024

Шымкенттегі гүл дүкенінен шыққан шу: Полиция қызметкерлеріне қатысты тергеу басталды

Алмас Абылай
Фото Ашық ғаламтордан

Шымкентте гүл дүкені мен мейрамхананы шулатқан бұрынғы полицейдің әрекеті бойынша тергеу басталды, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Полиция дерегіне сүйенсек, өзіндік қауіпсіздік департаментінің бұрынғы учаскелік инспекторы Мұхтар Бековтің әрекеті тексеруге алынған. Оның "ROMANTIC" гүл салоны мен "Eldorado" ресто-барының жұмысшыларына қоқан-лоқы көрсеткені бұған дейін әлеуметтік желіде тарап кеткен еді. Енді Бековке қатысты Қылмыстық кодекстің 191-бабының 2-бөлігі "Тонау" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.

"Шымкент қаласы полиция департаменті қызметкерлерінің іс-әрекеттерінің заңдылығын Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 371-бабының 1-бөлігі "Салғырттық" бойынша басталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында өзіндік қауіпсіздік бөлімшесі тексеретін болады. Ведомство екі қылмыстық іс бойынша жүргізіліп жатқан тергеудің объективтілігі мен жан-жақтылығын қамтамасыз етеді", - делінген ресми мәлімдемеде.

Еске салайық, бұған дейін бұрынғы полицейдің гүл дүкенінде шу шығарып, сатушыға қоқан лоқы көрсеткені, кейін тағы мейрамхана ішінде тәртіпсіздікке бой алдырғаны жазылған болатын.

Ұсынылатын