Тағы бір Салтанат соққыға жығылды: күйеуі кешіріммен құтылып кете ме?
Алматыда Салтанат есімді бұрынғы әйелін соққыға жыққан ер адам халыққа үндеу жасап, кешірім сұрады. Естеріңізде болса, ғаламторда әйелін ұрған ер адамның видеосы қызу талқыланған болатын, деп хабарлайды Uaqyt.info.
El.kz ақпарат агенттігінің хабарлауынша, бұрынғы әйелі Салтанатты соққыға жыққан Александр Ким мұндай әрекетіне не себеп болғанын айтты.
Әйел 11 жылдық некеден кейін ажырасуға бел буып, балаларын алып, Тараздан Алматыға көшіп келген. Алайда бұрынғы күйеуі оны аңдып, мәжбүрлеп қайтаруға тырысқан.
“Менің бұл әрекетімді ақтауға болмайды және Салтанатқа қолымды көтермеуім керек еді. Мен ақталғым келіп тұрған жоқ, тек жағдайды түсіндіріп өтсем деп едім. Біз 11 жыл бірге тұрдық. Үлгілі отбасы болдық, бір-бірімізді жақсы көрдік. Бірге саяхаттадық, жас отбасылар қызығатындай отбасы болдық. Салтанат екеуіміз төрт баланың ата-анасы атандық. Әрине, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайтын. Сондай ұрсыстардың бірінде екіге кеттік. Бірақ сезім қалды. Күндердің бір күнінде Алматыда кездесеміз, әрі қарай бірге боламыз деп келістік. Үйге келе жатқан кезде мен оның телефонын сұрадым. Оның, балаларымның суретін көрейін дедім. Сол кезде Салтанат бейтаныс жігітпен тұрғанын көрдім. Өзім не болғанын түсінбей қалдым. Қызғанып кеттім. Оның телефонын алып, сындырып жібердім”, - дейді ер адам.
Ал әйелін ұрған сәтінде Александр Ким соққы қатты тимегенін айтады. Оның бас сүйегі мен бетіне ешқандай зақым келмеді деп есептейді.
“Сол сәтте эмоцияға беріліп кеттім. Кейін Тараз қаласына кетіп қалдым. Ал Салтанаттың шағым жазғанын әлеуметтік желіде шу туындаған соң ғана білдім”, - дейді ер адам.