- Басты жаңалықтар
- Оқиға
- Тағы да сарбаз өлімі: Жетісу облысында әскерге барғанына 3-ақ ай ғана болған жауынгер көз жұмды
Тағы да сарбаз өлімі: Жетісу облысында әскерге барғанына 3-ақ ай ғана болған жауынгер көз жұмды
Жетісу облысында әскер қатарына қабылданғанына 3-ақ ай ғана болған сарбаз көз жұмды. Қорғаныс министрлігі жауынгердің менингиттен көз жұмғанын айтуда, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Бұл туралы «Астана» телеарнасы хабарлады. Онда 2023 жылдың күзінде шақырылған Әмір Байтұрғановтың кенеттен көз жұмғаны айтылған. Қорғаныс министрлігі жауынгердің менингиттен көз жұмғанын айтса, марқұмның туыстары ведомствоның бұл пікірімен келіспейтінін алға тартып отыр. Қаралы хабарды олар 21 желтоқсанда естіген.
“Түнгі сағат 03:00-де әскери бөлімнен қоңырау шалынды. Олар сіздің ұлыңыз ес-түссіз жатыр деп хабарлады. Менің бөлімге дереу келуімді сұрады. Сол күні таңғы сағат 06:20-да ұлым есін білмей, көз жұмды”, – дейді марқұмның әкесі Мұрат Байтұрғанов.
Бас әскери-медициналық басқарма басшысының орынбасары Берік Ілиясовтың айтуынша, сарбаздың денсаулығы Атыс дайындығы сабақтарынан кейін нашарлай бастаған.
“Кешке қарай науқастың жағдайы нашарлады. Дене қызуы экстремалды жағдайға дейін көтерілді. Осыдан кейін науқас орталық аудандық ауруханаға жеткізілді. Сот-медициналық сараптаманың деректері бойынша өлімнің алдын ала себебі жедел инфекциялық ауру – менингит деп анықтама берілд”і, – деді Бас әскери-медициналық басқарма басшысының орынбасары Берік Ілиясов.
Алайда сарбаздың жақындары бұл айтылғанмен келіспейді. Олар істің жан жақты тексерілуін талап етіп, Бас прокурорға арыз жазбақ.