Таиландта құлдықта болған екі қазақстандық қыз елге оралды
Таиландқа жұмыс іздеп барып, құлдыққа түскен екі қазақстандық қыз елге оралды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Айбек Смадияровтың айтуынша, екі қыз жат елге жұмыс істеу мақсатында барған. Бірақ Таиландқа жетісімен жұмыс берушілер оларды құлдықта ұстап, босату үшін 10 мың доллар көлемінде ақша талап еткен.
“Қаңтар айының соңында Таиландтағы елшілікке отандасымыздың еңбек құлдығына тап болғаны жайлы ақпарат түскен. Құрыққа түскен жәбірленуші елшіліктен көмек сұрады. Жергілікті билікпен бірлесіп атқарылған іс-шаралар барысында құлдықта бір емес, екі азаматтың бар екені анықталды. Бір ай шамасында келіссөздер жүргізіліп, нәтижесінде екеуі де құтқарылып, елге қайтарылды”, - деді Смадияров.
Бұдан бөлек ресми өкіл Таиландпен шекаралас Мьянма және Лаос аумағында шамамен 200-ге жуық қазақстандық еңбек құлдығына түскенін айтады. Олардың 28-і елшіліктің араласуымен елге оралса, 60-қа жуық азамат Қазақстанға өз беттерімен қайтқан.
Айта кетейік, аталмыш елдердің аумағында әлі де 100-ге жуық қазақстандық құлдық қамытында отыр.