Saturday, 23 November,2024

Талдықорғанда студенттердің атынан несие рәсімдеген комендант сотталды

Алмас Абылай
Фото Ашық ғаламтордан

Талдықорғанда студенттердің атынан несие рәсімдеген жатақхана коменданты сотталды. Ол 16 жәбірленушіге 24 миллион теңге мөлшерінде шығын келтірген, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Жетісу облысы Талдықорған қалалық соты студенттердің атынан несие рәсімдеген комендант С-ға қатысты қылмыстық іске шешім шығарды. Сотталушы С. жоғарғы оқу орнына қарасты жатақхананың коменданты қызметін атқара жүріп, 2021-2022 жылдар аралығында студенттер мен жатақхана қызметкерлерінің сеніміне кіріп, алаяқтық жолмен интернет-банкинг қызметі арқылы тауарлы және ақшалай несие ресімдеген.

Бас-аяғы 16 жәбірленушіге жалпы көлемі 24 миллионнан астам сомада материалдық шығын келген. Сотталушы С. 2021 жылдың қазан айында жәбірленуші Д. өзіне сенім артатынын біле отырып, құжаттарын жұмыс бабымен деген желеумен сұратқан. Жәбірленушінің жеке басын куәләндыратын құжаттарды алған соң, С. микроқаржылық ұйымнан 600 мың теңгеге жуық тауарлы кредитті жасырын ресімдеп, тауарды сатып, өз пайдасына жаратқан.

Бұдан соң С. жәбірленушіні Д-ны толық жауып тастаймын деп алдап, микроқаржылық ұйымнан 560 мың теңге несие алдыртқан. Қолында Д-ның жеке бас мәліметтерінің пайдаланған сотталушы, әртүрлі микроқаржылық ұйымдардан жасырын түрде қосымша байланыс ретінде өзінің ұялы нөмірін көрсете отырып, Д-ның атынан микронесиелер алып, жалпы 2 млн теңгеден астам шығын келтірген.

Сотталушы С. тағылған айыпты мойындап, шын ниетпен өкініп, өзіне бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады. Жәбірленушілер сотталушыны кешірді. Осылайша сот үкімімен С. кінәлі деп танып, 4 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындады, сол аралықта ол пробациялық бақылауда болады.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Ұсынылатын