Sunday, 28 April,2024

Олимпиада чемпионы Мұхамбет Қуатбек көз жұмды

Uaqyt.info
Фото

Еркін күрестен 2014 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы Мұхамбет Қуатбек көз жұмды. Әзірге, балуанның неден қайтыс болғаны белгісіз, деп хабарлайды Uaqyt.info Sportbugin.kz-ке сілтеме жасап.
27 жастағы спортшы жасөспірімдер арасында айтарлықтай табысқа жеткен. Ол 2014 жылы Нанкинде өткен жасөспірімдер Олимпиадасында топ жарып, кейін жасөспірімдер арасында Азия чемпионы, әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.

Соңғы жылдары Мұхамбет күрестен Қазақстан чемпионаттарында көрінген жоқ. Себебі, спортшы бірнеше жыл бойы Америкада тұрған. Бұл туралы спорт журналисі Данияр Кәрімжан мәлімдеді.

«Мұхамбет балуан 16 наурыз күні АҚШ-та көз жұмды. Ол соңғы екі жылда Филадельфияда тұрған. Оның неден қайтыс болғаны белгісіз. Қазіргі таңда балуанның денесін елге әкелу мәселесімен елшілік айналысып жатыр», — деді журналист Данияр Кәрімжан.

Қазақстан күрес федерациясының баспасөз хатшысы Аспандияр Есенжолов та ақпаратты ресми түрде растады.

«Өкінішке қарай, осындай хабар алып отырмыз. Тәуелсіз Қазақстан тарихында еркін күрестен жасөспірімдер Олимпиадасында топ жарған балуанымыз Мұхамбет Қуатбек өмірден өтті. Туыстары мен ата-анасына қайғыра көңіл айтамыз. 27 жастағы балуан соңғы жылдары АҚШ-та өмір сүрді», — деді Есенжолов.

Айта кетелік, жасөспірімдер Олимпиадасының финалында Мұхамбет америкалық спортшыны жеңген болатын.

 

Ұсынылатын