Monday, 20 May,2024

Танымал журналист Ғаділбек Шалахметов өмірден өтті

Uaqyt.info
Фото ашық дереккөзден

Белгілі журналист Ғаділбек Шалахметов 81 жасқа қараған шағында өмірден өтті, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Қаралы хабарды мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жеткізді.

“Мемлекет және қоғам қайраткері, телевизия саласының майталманы Ғаділбек Шалахметовтің өмірден өткені туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдадым. Марқұмның отбасына, жақындарына және әріптестеріне шын жүректен көңіл айтамын.

Ғаділбек Мінәжұлының жарқын бейнесі, кәсіби шеберлігі мен БАҚ саласындағы жарқын жетістіктері отандық журналистика тарихында өшпес із қалдырары сөзсіз. Марқұмның жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын”, - деп жазды Балаева.

Ғаділбек Шалахметов – 300-ден астам ғылыми және публицистикалық мақаланың авторы, Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі.

Ғаділбек Мінәжұлы БАҚ саласындағы еңбек жолын Алматы телестудиясында бастап, Қазақ теледидары бағдарламаларының редакторы, бас редакторы, Қазақ ССР Телевизия мен радио хабарлары жөнiндегi Мемкомитетiнiң төрағасы қызметтерін атқарды.

1991 жылы Президенттің баспасөз хатшысы болып тағайындалып, ҚР Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрiнiң бiрiншi орынбасары – Қазақ ССР Телевизия мен радиохабарлары жөнiндегi Мемкомите­тiнiң төрағасы болып жемісті еңбек етті.

Майталман маман мемлекетаралық «Мир» телерадиокомпаниясының негізін қалап, БАҚ саласының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты.

Ұсынылатын