Таразда 102 жастағы қария құжат алды
Тараздың 102 жастағы тұрғыны мерзімі өткен жеке куәлігін ауыстырды, деп хабарлайды Uaqyt.info.
24.kz арнасының жазуынша, Көші-қон қызметі құжатты қарияның үйіне өздері әкеліп берген. Ғасыр жасаған Кемелбек Шәменов - соғыс ардагері. Ақсақал Түркістан облысына қарасты Шәуілдір ауданында дүниеге келген. Соғыстан кейін түрлі салада еңбек еткен. Бүгінде қарт майдангер қызының қолында тұрады.
Ол қызының өзі 70-тен асыпты. Өзі 4 баладан 15 немере мен 2 шөбере көрген. Жалпы, бүгінде Жамбыл облысында 17 соғыс ардагері тұрады. Ал тоқсан мен жүз жас аралығындағы 10 мыңнан аса қария бар.
“Денсаулығы шектеулі азаматтар көші-қон қызметі орнына бара алмайтын азаматтар өтініш білдірген жағдайда, осындай өзіміздің қызметіміз бойынша жеке куәлікпен құжаттандырамыз. Бүгінгі мына атамыздың жасы 102-де. Жыл басынан бері осындай 80 мен 100 жас арасындағы 38 қарияға жеке куәлік бердік”, - деді Қалалық полиция басқармасы көші-қон қызметі бөлімінің басшысы Совет Кенжебаев.