Таразда лауазымды қызметкерлер төбелесіп, бір полковник мерт болды
Таразда төтенше жағдайлар департаментінің лауазымды қызметкерлері төбелесіп, соңы кісі өлімімен аяқталды. Оқиға жұма күні таңғы сағат алты шамасында «Лаура» қонақүйінің маңында болған, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Бұл туралы КТК телеарнасы жазды.
Әлеуметтік желіде тараған видеода ер адамның қатты соққыдан сұлап түскені анық байқалады. Таяққа жығылған азамат жедел жәрдем келгенше жан тапсырған. Кейін марқұмның төтенше жағдайлар департаментіне қарасты өрт сөндіру және құтқару қызметінің бөлім басшысы екені анықталды.
Ал жұдырығы жуан ер адам №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің басшысы. Әріптесін ұрып өлтірген күдікті ұсталып, қылмысын толық мойындаған. Бірақ осы оқиға бойынша тәртіп сақшылары да, төтенше жағдайлар департаменті де қандай да бір ақпарат беруден бас тартып отыр.
Айта кетейік, қаза болған подполковниктің артында алты баласы әкесіз қалды.