Saturday, 23 November,2024

Тараздық шенеунік жарты млрд теңгені құмар ойынға салған

Uaqyt.info
Фото Ашық дереккөзден

Таразда әкімдіктің бұрынғы қызметкері жарты миллиард теңгені құмар ойындардың бәсіне жұмсап жіберген, деп хабарлайды Uaqyt.info qazaqstan.tv-ға сілтеме жасап.

Азарт құмар азамат букмекерлік кеңселерге туыстары мен таныстарының ақшасын салған. Халыққа берешегін қалтасына басқан қызметкер Облыстық жастар басқармасында 10 жылдай жұмыс істеген. 20-ға жуық адамды соңынан жүгірткен қызметкерге қатысты сот үкімі шықты.

Жамбыл облыстық жастар басқармасында жұмыс істеген Ділмұрат есімді маман «тендер ұтып беремін» деп таныс-тамырының сеніміне кіреді. Ауылдастарынан да ақша жинап алады. Соңғы екі жылда 500 млн теңгені қалтасына басып, құмар ойындарында ұтылады. Алаяқтыққа барған азаматтың үстінен 205 млн теңгесін даулап, 15 адам арыз түсірген.

“205 млн теңге сотталған азаматтан өндірілмеді, ал жәбірленушілер кешірім берген жоқ. Оған 6 жыл 8 ай бас бостандығына айыру жазасы кесілді. Жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады. Сондай-ақ сот үкімімен мемлекеттік сатып алу жұмыстарымен 10 жыл бойы айналыса алмайды”, - деді Тараз қаласы прокуратурасының аға прокуроры Аяла Құдайберген.

 

 

 

 

Ұсынылатын