- Басты жаңалықтар
- Қоғам
- Тасмағамбетовтің күйеу баласы АҚШ президенті Джо Байденнің ұлына қымбат көлік сыйлаған
Тасмағамбетовтің күйеу баласы АҚШ президенті Джо Байденнің ұлына қымбат көлік сыйлаған
АҚШ өкілдер палатасының қадағалау комитеті Джо Байден вице-президент болған тұста оның ұлы Хантер Байден Украина, Ресей және Қазақстан олигархтарынан жиынтығы 20 миллион доллар алғанын мәлімдеді. Бұл қатарда Иманғали Тасмағамбетовтің күйеу баласы Кеңес Рақышевтің де қомақты сый жасағаны айтылады, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Кеңес Рақышев пен Хантер Байденнің арасындағы байланысты Азаттық жазды. Дерекке сүйенсек, АҚШ өкілдер палатасының қадағалау комитетінің төрағасы конгрессмен Джеймс Комер президент Джо Байденге қатысы болуы мүмкін халықаралық қаржы операциялар туралы есепті жариялады. 19 беттен тұратын құжатта Байден вице-президент болып тұрған тұста оның ұлы Хантер Байден ресейлік олигарх Елена Батурина мен қазақстандық кәсіпкер Кеңес Рақышевтан қомақты қаражат алғаны және вице-президенттің Батурина, Рақышев пен украиналық Burisma Holdings энергетика компаниясының өкілімен бірге кешкі асқа барғаны жазылған.
"Джо Байден вице-президент болып тұрған шақта Хантер Байден Қазақстан, Ресей және Украинадағы олигархтардан миллиондаған ақша алу үшін оны (әкесінің қызметін – ред. ) "бренд" ретінде саудалаған" деді Комер сәрсенбі күні жарияланған хабарламада.
Құжатта Хантер Байден негізін қалаған фирмалардың үшеуі - Rosemont Seneca Partners, Rosemont Seneca Thornton және Rosemont Seneca Bohai жөнінде айтылады. Яғни Кеңес Рақышев сингапурлық Novatus Holdings компаниясының көмегімен 142 300 доллар қаражатты Rosemont Seneca Bohai есепшотына аударған. Ертесіне дәл осы көлемдегі ақша Нью-Джерсидегі автосалонға Хантердің спорт көлігі үшін төленіпті. Құжатта бұдан бөлек, Хантер Байденнің ресейлік олигархтармен де байланысына нұсқайтын деректер бар.
Дей тұрғанымен өкілдер палатасындағы демократтар бұл құжатты "жалаң сөз" деп атап, ол Джо Байденнің қандай да бір заңсыздықтарға жол бергенін дәлелдемейді деген қарсы уәж айтуда.
Кеңес Рақышев – Ұжымдық қауіпсіздік шарты туралы ұйымның бас хатшысы, түрлі жылдары Алматы қаласының әкімі, Қазақстан премьер-министрі, Астана әкімі, қорғаныс министрі қызметтерін атқарған Иманғали Тасмағамбетовтің күйеу баласы. Forbes.kz басылымы Кеңес Рақышевтің байлығын 570 миллион долларға бағалаған.