Wednesday, 17 July,2024

Терроризм актісі туралы жалған хабарлама таратқандар қандай жазаға тартылады?

Uaqyt.info
Фото Polisia.kz

ІІМ терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама үшін қандай жаза қарастырылатынын еске салды, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Жалған терроризм – жай бұзақылық емес, қоғамдық тәртіпке қол сұғатын қауіпті қылмыс. Әрбір жалған қоңырау немесе хабарлама бейбіт тұрғындар арасында үрей тудырып, маңызды кәсіпорындардың жұмысының тоқтауына себеп болады.

ІІМ осындай “орынсыз қалжың” үшін қандай жаза қарастырылатынын еске салды, – деп хабарлайды Polisia.kz тілшісі.

“Биыл ішкі істер органдары жалған терроризм фактілері бойынша 118 қылмыстық іс тіркеді. 21 қылмыстық іс бойынша күдіктілер анықталып, ұсталды. 11 адамға қатысты үкім шығарылды, олар түрлі қылмыстық жазаға тартылды”, – деді ІІМ экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Дархан Разуев.

Қазақстанда терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін 5000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, я болмаса 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы көзделген (Қылмыстық кодекстің 273-бабы “Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау”).

“Мұндай қылмыс жасаған адамдар арасында кәмелетке толмағандар саны артқанын атап өткен жөн. Мәселен, өткен жылы терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлар жасағаны үшін 12 кәмелетке толмаған ұсталды, олардың үшеуі бас бостандығын шектеуге байланысты нақты қылмыстық жазаға тартылды. Биыл 11 жасөспірім ұсталды. Бүгінгі таңда төрт балаға қатысты іс қылмыстық жаза жасына жетпеуіне байланысты тоқтатылды. Олардың ата-аналары Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабы бойынша “Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау” жауапқа тартылды, оларға айыппұл салынды. Бірақ қалған балаларға қатысты тергеу жалғасуда”, – деп атап өтті Дархан Разуев.

Спикердің айтуынша, бұған балалардың интернет-ресурстарды бақылаусыз пайдалануы әсер етті. – Әртүрлі деструктивті топтарда балалар белгісіз адамдардың ықпалына түсіп, өздерінің жеке деректерін, телефон нөмірлерін, электрондық жәшіктердің мекенжайларын беріп қояды.

Ал олар өз кезегінде балалардың атынан көрінеу жалған хабарламаларды жібере бастайды. Мұндай жағдайлар болды.

Сондықтан ата-аналарға айтарым: баланың интернет желісінде болуын қадағалап, қандай сайттарға кіретінін және қандай ресурстарға қызығушылық танытатынын бақылауда ұстау қажет, – деді ол.

Бұл қылмыс түрі үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады. Сонымен қатар сот шешімі негізінде шығындар мен осындай хабарламадан келтірілген барлық залал өтелуге жатады. Егер мұндай әрекетті кәмелетке толмаған бала жасаған жағдайда залалды өтеу оның ата-анасына немесе заңды өкілдеріне жүктеледі.

“Көрінеу жалған хабарламалар материалдық шығын әкеліп қана қоймай, шұғыл қызметтердің уақытын алады”, – деді полиция полковнигі.

Дархан Разуевтың айтуынша, құқық қорғау органдарында қылмыстың бұл түрін ашуға барлық мүмкіндіктер бар.

“Бізде қажетті техникалық құралдар, бағдарламалар бар. Сондай-ақ шетелдік әріптестермен тығыз байланыстамыз. Мұндай қылмыстар жазасыз қалмайды, – деп қорытындылады ол.

 

 

 

Ұсынылатын