Тоқаев Германия бизнесмендерін Қазақстанға инвестиция салуға шақырды
Президент адами капиталды дамыту және инвестиция тарту мәселесін ынтымақтастықтың өзекті бағыттардың бірі ретінде атап өтті, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Адами капитал саласында қазірдің өзінде Каспий мемлекеттік университетінің жанынан Қазақстан-Германия инженерлік институтын және Шығыс Қазақстан техникалық университетінің жанынан Қазақстан-Германия ғылым және технология институтын ашу бастамасы көтерілді. Инвестиция тарту үшін Қазақстан «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңы арқылы шетел инвесторларына барлық мүмкіндікті жасап отырғаны айтылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Германия бизнесмендерін Қазақстан экономикасын әртараптандыруға, жаңа өндіріс орындарын ашуға және озық неміс технологияларын енгізуге бағытталған жобаларды жүзеге асыруға белсенді қатысуға шақырды.
Германия экономикасының Шығыс комитеті – Германия Федеративтік Республикасының Орталық, Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Еуропа, Оңтүстік Кавказ және Орталық Азиядағы 29 елге арналған аймақтық бастамасы.
Шығыс комитетіне Германия экономикасының алты жетекші одағы қолдау көрсетеді және оған 400-ге жуық компания мүше.