Тоқаев Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановты қабылдады
Мемлекет басшысына Мәжілістің заң шығару қызметі туралы баяндалды, деп хабарлайды Uaqyt.info Ақордаға сілтеме жасап.
Ерлан Қошанов:
✔сессия басталғалы бері 35 заң қабылданып, Сенатқа жолданған. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының жүзеге асырылуын, сондай-ақ жер қойнауын пайдалану, бизнес жүргізу, тәлімгерлік пен балалардың қауіпсіздігі, денсаулыққа зиян келтіретін жұмыс орындарында еңбек ететін азаматтарды арнайы төлемақымен қамтамасыз ету мәселелерін реттейтін құжаттар қабылданғанын айтты;
✔қазіргі уақытта депутаттардың қарауында 69 заң жобасы жатқанын және оның үштен бір бөлігіне Мәжіліс депутаттары өздері бастамашы болғанын атап өтті;
✔бюджет кодексі, халықтың тым көп несие алуын төмендету, тұрғын үй саясаты, мемлекеттік сатып алу, ғылым және технологиялық саясат, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, жылу энергетикасы, масс-медиа, адам саудасына қарсы іс-қимыл және басқа да заң жобалары бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді;
✔Мәжіліс депутаттары халықтың қаржылық сауатын арттыру үшін парламенттік тыңдау, медициналық сақтандыру жүйесін дамыту, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және сауда саясатын жетілдіру мақсатында үкімет сағаттарын өткізгені жөнінде мәлімет берді;
✔депутаттар жылдың алғашқы күнінен бастап сайлаушылармен кездесу және халықтың тұрмысын жақсарту жөніндегі Президент тапсырмаларының орындалуына бақылау жүргізу үшін өңірлерге аттанғанын айтты.
▪️Мемлекет басшысы Мәжілістің 2023 жылы атқарған жұмыстарына оң баға берді. Президенттің айтуынша, қабылданған заңдар халықтың тұрмыс сапасын арттыруға тікелей ықпал етеді.
▪️Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық жаңғыру бағдарына қатысты негізгі шараларды жүзеге асыруды көздейтін заңдарды қабылдау қажет екеніне назар аударды.