Тоқаев ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевты қабылдады
Мемлекет басшысы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевты қабылдады, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Президентке университеттегі маман даярлау ісінің, ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері туралы баяндалып, келесі жылы 90 жылдығын атап өтетін жоғары оқу орнының стратегиялық даму жоспары таныстырылды.
Жансейіт Түймебаевтың баяндамасынан:
➤ қазір университетте жалпы құны 8,1 миллиард теңге болатын 400 ғылыми жоба іске асырылып жатыр;
➤ Президенттің мамыр айындағы ҚХР-ға ресми сапары аясында ҚазҰУ-да Қытайдың Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің филиалын ашу жөнінде келісімге қол қойылған болатын. 12 қазанда университет базасында аталған оқу орнының филиалы ашылды;
➤ 2024-2026 жылдары ҚазҰУ қалашығы құрылысының екінші кезеңі жүзеге асырылатыны жөнінде мәлімет берді;
➤ жаңа қалашықта 8 оқу корпусы, технопарк және 12 жатақхана бой көтермек;
➤ жуық арада 3180 орындық 3 жатақхананың құрылысы басталады.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев білім сапасын жақсарту, еліміздің дамуына ғылымның қосатын үлесін арттыру және университет қалашығын жаңғырту жөнінде нақты тапсырмалар берді.