Тоқаев Ұлыбританияның СІМ Дэвид Кэмеронмен кездесті
Мемлекет басшысы Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Дэвид Кэмеронды қабылдады, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлыбританияның сыртқы саясат ведомствосының басшысына ілтипат білдіре отырып, оның Қазақстанға сапары екіжақты қатынастарды дамытуға тың серпін беру тұрғысынан мәні зор екенін айтты.
– Біздің маңызды стратегиялық серіктесіміз – Ұлыбританиямен арадағы өзара тиімді ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанына көңіліміз толады. Бүгін Стратегиялық серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғанын айрықша атап өткім келеді. Бұл жан-жақты құжат біздің сан қырлы байланыстарымызды кеңейту үшін берік негіз қалайтынына сенімдімін, – деді Президент.
Мемлекет басшысы сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастықты, соның ішінде энергетика, «жасыл» экономика, қаржы, инновация салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға мол әлеует бар екеніне назар аударды.
Ал Дэвид Кэмерон қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Сондай-ақ Ұлыбритания Премьер-министрі ретінде Қазақстанға жасаған алғашқы сапарын ықыласпен еске алды
– Мен мұнда 11 жыл бұрын екі ел арасындағы стратегиялық диалогты бастау үшін келген едім. Бүгін Қазақстанның Сыртқы істер министрімен Стратегиялық серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойдық. Энергетика, білім, бизнес және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға және халықтар арасындағы байланыстарды өркендетуге ниеттіміз, – деді Ұлыбритания Сыртқы істер министрі.
Әңгімелесу барысында мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдету, әсіресе, білім беру саласы мен жастарды қолдау ісіне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дэвид Кэмерон өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.