Төрт жасар Айкөркемді атуға бұйрық берген сарбазға сот үкімі шықты
Қаңтар оқиғасы кезінде төрт жасар Айкөркемнің өліміне себепкер болған сарбаз сотталды. Бұған дейін сот оны ақтап шығарған болатын. Аппеляциялық сот оған 7 жыл жаза кесті. Сотталушы Арман Жұман блок постқа жақындаған көлікке оқ ату туралы заңсыз бұйрық берген, деп хабарлайды Uaqyt.info.
"Сот алқасы 2022 жылдың 7 қаңтарында сағат 19:30 шамасында сотталушы бақылау-өткізу пунктінде өзі басқаратын әскери қызметшілерге бақылау-өткізу пунктіне жақындап келе жатқан автокөлікке оқ атуға заңсыз бұйрық бергенін анықтады. Оқ ату салдарынан осы көліктің жолаушылары кәмелетке толмаған (2017 ж.т. А. Мелдехан) оқтан жарақат алып, көз жұмды. Ал кәмелетке толмаған бала (2006 ж.т. Дж. Мелдехан) 5 оқ жарақатын алып, денсаулығына ауыр зардап тиді. Әскери соттың сот алқасы ақтау үкімін бұзып, жаңа үкім шығарды. Ол Ж.-ны Қылмыстық кодекстің 451-бабы 2-бөлігі 1-тармағымен (қару қолдана отырып, өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін) кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырды", - делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде төрт жасар Айкөркем Мелдехан оққа ұшқан болатын.