Sunday, 24 November,2024

Түймебаев ашуын ұстаздардан алған ба? ҚазҰУ-да тағы шу шықты

Алмас Абылай
Фото Ашық ғаламтордан

Еліміздегі аты дардай жоғарғы оқу орнынан шу шықты. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіндегі журналистика факультетінің ұстазы басшылық жөнсіз жұмыстан қудалағанын айтып, дабыл қақты, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Аталмыш оқу орнында білім беретін Дастан Қастай өзінің Facebook-тегі парақшасында мәлімдеме жасады. Онда басшылық тараптан жосықсыз қысым көрсетіліп, ескертпестен жұмыстан қуғанын жазған.

"Мен, ҚР азаматы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, журналистика факультетінің оқытушысы Қастай Дастан Қуандықұлы академиялық әділдікті талап етемін! Оқытушылық жұмысымның алтыншы аптасы басталғанда ешбір «ойға қонымды» себепсіз әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіндегі жұмыстан шығарылдым. Университет тарапы неліктен мұндай қадамға барғанына қатысты түсінік беруден бас тартты. Құрметті мемлекет басшысы, министрлер, көз алдымда менің азаматтық құқым тапталып, оқытушылық болмысыма, кәсіби қызметіме нұқсан келіп жатыр. ҚазҰУ басшылығына, әміршіл-әкімшіл жүйені шеберлікпен жүзе асыратын жандарға "Тәуелсіздік ұрпағының" ұстанымы, санасы ашық азаматтық оқытушылық амбициясы ұнамаса керек. Менімен айқас жазушы-журналист "Кемел Тоқаев аудиториясы" ашылғаннан кейін басталды", - деп бастаған оқытушы өз жазбасын.

Сонымен қатар ол оқу орнында білімге, ғылымға мән берілмейтінін, тек қана сыртқы көріністің әдемі болуына, асыра мақтау мен мадаққа жұмыс істейтінін айтып қынжылады.

"ҚазҰУ басшылығының зердесіне мықтап сіңген "Асыра мадақтау, жағымпаздану сарыны" қазір қатты белең алып тұр. Оны ҚазҰУ әкімшілігі шеберлікпен жүзеге асырып отыр. Ағартушылық функциясына қарағанда мақтау мен мадақтау және жағымпаздану "функциясы" байқалады. Бұл ғана емес, "ҚазҰУ шенділерінде" қарым-қатынас мәдениеті жоқ, оқу процесін, тәрбие жұмысын әкімшілік-әміршілдік әдіспен жүзеге асырады. Басшылықтың да әрекетінен ескі заманның үйіндісі болған бұрынғыдай дұшпан іздеу, тырнақ астынан кір іздеу аңғарылады. Университеттің тек біржақты жетістігін көрсету ғана мақұлданады. Дамыған, өркениетті қоғамға тән сауатты сыни пікір айту, проблема көтеру университетте жоқтың қасы. Университетті зейінді жас талапкерді академиялық тереңдікке, ғылым-білім, бәсеке заманында төтеп беруге дайындау емес, жандайшаптыққа баулу, "ләббайшыл" сананы күштеп сіңіру қатты дендеп алған. Ту көтеріп, алақ-жұлақ түрлі науқаншылдыққа барудан саналы азамат есебінде бас тарттым. Декан мен ректорат шенеуніктеріне шәкірт даярлаудағы принципшілдігім ұнамады. Ал маманды академиялық потенциалына қарай бағалау индикаторын ҚазҰУ-да табу қиын", - дейді ол.

Бұл сөздеріне дәлел ретінде шәкірттерінің өтініштерін де жариялаған.

Көп ұзамай ұстаздың жан айқайына министр пікір білдірді.

"Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жас оқытушысы Дастан Қастайдың әлеуметтік желідегі ашық хатына байланысты оқу ордасының басшылығымен тікелей байланыстым және ұстаздарды жұмыстан шығару немесе қудалау фактілері болмауы керектігі бойынша кеңестерімді бердім. Қазіргі уақытта Dastan Kastay  бауырымыздың жұмыстан шығарылғаны  туралы бұйрық жоқ екендігін және  журналистика факультетіндегі қызметін жалғастыра беретіндігін баршаңызға қуанышпен  жеткіземін", - дейді ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Десе де желідегі жұрт мәселенің жабулы қазан күйінде қалатына күмәнді.

Ұсынылатын