Saturday, 23 November,2024

Түркістан, Қызылорда мен Жамбыл облыстарында орыс тілін тереңдетіп оқытатын мектептер ашылады – БАҚ

Uaqyt.info
Фото

Қазақ жерінде орыс мектептері ашылады деген ақпарат қазір қоғамда қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Uaqyt.info.

ЗДРАВСТВУЙ, ШКОЛА! | Smart Textile | Дзен

Uaqyt.info осы мәселеге қатысты “Мінбер” сайтының авторы Кәмшат Тасболаттың пікірін ұсынады.

Ресей XIX ғасырда оқу-ағарту ісі арқылы қолданған отарлық саясатын XXI ғасырда қайта жаңғыртпақ сияқты.

Осыдан оншақты жыл бұрын Ресей ТМД мен Балтық жағалауы елдерінде ресейлік білім беру стандартымен оқытылатын орыс мектептерін ашатынын жария еткен болатын. Сондағы желеу – сырттағы орыс диаспорасын, «ресейлік отандастарды» қолдау.

Бірақ Украинадағы соғыс бұл жоспардың күл-талқанын шығарды. Кремльдің агрессиясы күллі әлемде қарсылық туғызып, Еуропа, Америкаға таратылатын кабельдік, спутниктік арналарының ретрансляциясына тыйым салынды, Жапонияда студенттер «біз соғыс тілінде сөйлемейміз» деп орыс тілі мен әдебиеті кафедралары жабылды.

Соңғы екі жылда күллі әлемде орыс тілінің таралу аясы тарылды. Бұған іші күйген ресейлік билік сыртта орысша оқытуды жеделдетпек, бірақ кезінде бірыңғай ана тілі мен ағылшын тілінде білім беру жүйесіне өткен Латвия, Литва, Эстония, Грузия сияқты елдерге тісін батыра алмайды. Соның есесін Қазақстан мен Орталық Азия елдерінен алатын сияқты.

ЖАЛДАМАЛЫ БЛОГЕРЛЕР БИЛІКТІ ЖАҚТАУ НАУҚАНЫНА КІРІСТІ

Ресейдің қаражатына қазақ көп шоғырланған Түркістан, Қызылорда мен Жамбыл облыстарында орыс тілін тереңдетіп оқытатын мектептер ашылады дейді. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев «бұл жерде ешқандай саясат» жоқтығын ақпарат жарияланған күннен бастап айтып келеді. Бұл аздай өткен аптада Мәскеуде кездескен Қазақстан үкімет басшысы Олжас Бектенов пен Ресей премьер-министрі Михаил Мишустиннің мәлімдемелері қоғамда дау-дамай туғызды. Онда Мишустин “Біз Қазақстанға тек орыс тілі мұғалімдерін ғана емес, басқа пән мұғалімдерін де жіберуге дайынбыз” деп мәлімдеген. Әлеуметтік желіде бұл бастама қызу талқыланып, тіпті, орыстілді азаматтар мен жергілікті орыстар да «мектепте онсыз да сағат аз, енді ресейліктер келіп бізді жұмыстан айыра ма?» деп қорқып отыр.

Қоғамды дүр сілкіндірген жаңалықтан кейін биліктің жалдамалы блогерлері Қазақстанда орыс мектептерін ашуды қолдап, нешетүрлі посттар жаза бастаған. Соның ішінде олар “Орталық Азия елдерінде де орыс мектептері ашылды ғой” деп гуглдағы бірен-саран елеусіз мақалалардан үзінділер келтірген.

Ал шын мәнінде жергілікті ұлттары басым, бір тілді Өзбекстан немесе Тәжікстанда орыс мектебін ашса да, бұл қоғамда әжептеуір ауа-райын жасамайды. Әлемде өзбек тілі жиі қолданылатын 50 тілдің қатарына кіреді, 36 млн адам өзбекше сөйлейді, ал тәжіктер парсы тілінің диалектісінде сөйлейді, бұл тіл Ираннан бастап Ауғанстан сияқты көптеген елдерге тарап, әлемде 125 млн адам сөйлейтін ірі тілдер тобына жатады. Мұндай ірі тілдер жойылуы мүмкін бе?

Ал Қазақстанға бұл несімен қауіпті? Біз онсыз да билігі, бизнесі орысша сөйлейтін елміз, қазақыланған өңірлеріміз бар еді, оны да Кремль көп көріп отыр. Қай ел өз ұрпағының тәрбиесін өзге елдің қолына ұстата салады? Баяғыда орыстың ұлтшылдары “Қазақстанда тек ірі екі мегаполис орыстілді, ауыл-аймақ қазақы қалпын сақтап отыр, орыс әлемі аясында қазақ көп шоғырланған жерлерді русификациялау керек” дейтін. Міне, сол саясат жүзеге асқалы жатыр.

 

Қазақ тілі әлемде жиі қолданылатын 100 тілдің ішіне кірсе де, соңғы жылдары кері сырғып барады. Небары 12 млн адам сөйлейді… Жалпы, 20 млн адам сөйлейтін тілдер жойылу қаупі төмен тілдерге жатады. Қазақстан халқы 20 млн болса да, тілді білушілер әлі де аз…

Бүгін ресейлік орыс мектептерінің идеологиясы да басқа: біз Украинадағы соғысты – соғыс десек, олар “арнайы операция” дейді, біз украиндарды украиндық ұландар десек, олар ”фашистер” дейді, Сталинді ұлықтайды, Алаш қайраткерлерін жек көреді… Осындай идеологиямен келген адам орыс мектептерінде оқитын балаларға қандай тәрбие беріп, идеология жүргізеді деген сауал туындайды.

Жалдамалы блогерлердің жағдайды басқаша көрсетуі де өте қауіпті. Билік қоғам тынысынан алыстап кетеді, өзін-өзі алдайды, ал жағдай ушығып, қоғамда дүрбелең туғанда, «неге Теңіз, Маловодное, Маятас, Жаңаөзен, Қаңтар төңкерісі болды» дейді… Елдің әлеуметтік жағдайын шешу керек, ол үшін тіл мәселесін шешу керек. Қазақстанда орысша білетін репатриант, мигрант емес, қазақша білетін кез келген азамат кәсіби маман ретінде бағалануы тиіс.

Жалпы, Ресей Болон процесінен шығып кеткен ел ретінде болашақта жастарға не бере алады? Қазақстанда орыс мектептерін ашып, сырттан мұғалім тартатындай не күн туды? Орысша оқыған бала ертең қай елде білімін жалғастыра алады?

Профессор Айнұр Кәрібозова өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында елімізге ресейлік мұғалімдердің келуін сын тезіне алып: «Ресейдің бауырлас деп жүрген халықтың еліне от шашып, соғыс бастаған кезінде елдің жетекші оқу орындарының ректорлары президентінің шешімін қолдап, соғысты қолдады. Бұл елдің білім мен ғылым саласы бүкіл әлеммен байланысын үзді. Болонья жүйесінен шықты. Яғни, ғалым ретіндегі келешегін және адам ретіндегі қауіпсіздігін ойлайтын азаматтар бұндай елге оқуға бара қоймас» дейді.

Онда не үшін орысша мамандар дайындалмақшы? Жалдамалы блогерлер елімізде «ағылшын, француз мектептерінің ашылып» жатқанын мысалға келтіреді. Бірақ ағылшын және француз тілдері агрессия емес, білім, ғылым, инновация, жаңа технологиялар тілі боп отырған жоқ па? Ағылшын тілін үйренген азамат әлемнің кез келген елінде еркін жұмыс істей алады. Ал орыс тілін білетіндер санкция құрсауындағы Ресей мен Беларустан басқа қайда барады?

«СОҢҒЫ 20 ЖЫЛДА ОРЫСША СӨЙЛЕЙТІНДЕР САНЫ 100 МЛН АДАМҒА КЕМІДІ»

Ресей ғалымдары дабыл қаққаны қашан?! А.Пушкин атындағы орыс тілі институтының ректоры Маргарита Русецкая «Культура» басылымына берген сұхбатында: «Әлемде соңғы 20 жылда орыс тілінде сөйлейтіндер саны шамамен 100 млн адамға кеміді» деп отыр.

Орыс ғалымдарының айтуынша, Кеңес одағының құлауы орыс тілі үшін нағыз краш-тест болды. Тіпті, болашақта ғылым мен техника тілі болудан қала ма деген алаңдаушылық басым. Ресейдің өзінде ғылыми мақалалар мен зерттеулер негізінен ағылшын тілінде жарияланады екен. Прагматикалық заманда бұл түсінікті үрдіс.

Ал Батыс ғалымдары Ресей-Украина соғысы тіл үшін жаңа сынақ боп отырғанын жасырмайды. Батыс ғалымдарының сөзінше, орыс тілі әлемдегі жалғыз постколониалды тіл саналады. Жақында Шотландияның Сенд-Эндрюс университетінің профессоры Томаш Камуселла өз зерттеуін жариялап, соңғы оқиғалар тілді «провинциализация» процесіне әкеп соғуы бек мүмкін» деген болжамын алға тартты.

РЕСЕЙДЕ ҰЛТТЫҚ ТІЛДЕРДІҢ ЖАҒДАЙЫ ҚАЛАЙ?

Ресей – көпұлтты федеративті мемлекет. Санаққа сенсек, бұл елде 200-ден астам ұлт өкілі тұрады. ЮНЕСКО ұйымы мұндағы бірқатар тілдердің, оның ішінде башқұрт тілінің болашағына алаңдайды. Ресейдің білім және ғылым министрлігінің бастауымен Татарстанның Мемлекеттік кеңесі оқу жоспарын қабылдап, оған сәйкес 2017 жылдан бері Татарстан мектептерінде татар тілі аптасына екі сағаттан және ата-ананың өтініші бойынша ғана оқытылады. Самарада небары екі мектепте татар тілін сабаққа қосқан. Түркі тілдеріне жататын башқұрт тілінде бір миллионнан астам адам сөйлейді.

Соңғы жылдары Ресейде орыс тілінің мәртебесін заңнамалық тұрғыдан күшейтіп жатыр. Конституция бойынша, ол – жалғыз мемлекеттік тіл. Профессор Томаш Камуселла Ресейде қолданылатын 37 өңірлік, республикалық ұлттық тілдердің алалауға тап болып, орыс тілімен ауыстырылып жатыр дейді.

Соған қарамастан, әлемдік ғылымнан орыс тілі де алшақтап барады. А.Пушкин атындағы тіл институтының зерттеуі бойынша, ғылыми жарияланымдардың көшбасында ағылшын тілі тұр. 2020 жылы ағылшынша 6 млн 266 мың ғылыми мақала, зерттеулер жарияланған. Екінші орында қытай тілі, бұл тілде 96 933 жарияланым жасалса, орыс тілінде небары 37 559 еңбек жарияланған. Бұл ағылшын тіліндегі жарияланымдардан 120 есе аз деген сөз!

 

РЕСЕЙДЕГІ 1,5 МИЛЛИОН ҚАЗАҚ ҮШІН БІРДЕ БІР ҚАЗАҚ МЕКТЕБІ ЖОҚ

Ресейде тұратын 1,5 млн қазақ «автохтонды ұлтқа» жатады. Яғни, олар байырғы жерлерінде тұрады. Содан болар ресми статистика да қатты бұрмаланады. 2021 жылғы санақ Ресейде небары 600 мыңға жуық қазақ тұрады деп көрсеткен. Ең қызығы, санақта 17 млн жуық адам ұлтын көрсетпеген. Өкінішке қарай, Ресейде осыншама қандастарымыз тұрса да, қазақ мектептері түгел жабылған. Ол жақта сұраныс та жоқ. Сондықтан егер біздің билік «Ресейде қазақ мектептерін, ал Қазақстанда орыс мектептерін ашып қарымтамызды қайтарамыз» деп ойласа қатты қателеседі. Себебі әбден орыстанған, пропагандаға тойып, соғысқа оңай аттанып жатқан адамдардың ұрпағы қазақ мектебінің табалдырығын аттар ма екен?

Посткеңестік елдер: Good bye, Russia!

Қазіргі таңда орыс тілі Ресей мен Беларусь елдерінде мемлекеттік тіл статусына ие. Беларусь елінде халықтың 20 проценті ғана өздерін этникалық орыстарға жатқызса да, орыс тілі қоғамдық өмірдің барлық салаларында кеңінен қолданылады. Мұның кесірінен беларусь тілі жойылу қаупі жоғары тілдердің қатарына еніп отыр.

Қазақстанда «орыс тілі мемлекеттік органдарда керек жағдайда ресми қолданылатын тіл» деп саналса да, іс жүзінде мемлекеттік тілдің орнын басып отырған жоқ па? Болмаса заңдар орыс тілінде дайындалып, қазақша калька аудармасы талқыға ұсынылып жүрген жоқ па? Қанша сот процесі орыс тілінде өтіп жатыр? Ал ақпараттық экспансия БАҚ тілін әлі де орысша сайратып отыр ғой… Бұл ретте қалған посткеңестік елдер орыс тіліне баяғыда-ақ «Good bye» деп, арнайы «Мемлекеттік тіл туралы» заңдар қабылдап тастаған.

 

Соңғы жылдары Кремль «посткеңестік елдерде орыстілді азаматтардың мемлекеттік тілді үйренуі міндеттеліп жатыр» деп байбалам салуды әдетке айналдырған. Шотландиялық профессор Томаш Камуселла бұны орынсыз талап деп біледі. «Ресей билігі Азшылықтың тілдік құқықтары жөніндегі еуропалық концепцияға арқа сүйейді. Бірақ бұл жерде орыс тілінің әрі әлемдік, әрі империялық тіл боп отырғанын ұмытады. Сондықтан орыс тілін азшылық тілі ретінде көрсету ойға қонымсыз. Сосын Еуропа немесе басқа елдерде ешкім де тура солай ағылшын тілінің азшылық тілі боп отырғанын мойындамайды. Сол себептен Франциядағы немесе Чехиядағы ағылшынтілділерді «ұлттық азшылық» деп атаудың өзі қарама-қайшылық туғызатын жәйт» -дейді зерттеуші.

Шотланд ғалымның айтуынша, «егер орыс тілі ағылшын, француз немесе испан тілі сияқты плюрицентристік тілге айналмаса, оның күні санаулы». Батыс зерттеушілері орыс билігінің «екіұдай саясатын» да сын тезіне алып отыр, яғни, Ресей аумағында ұлттық азшылықтардың мектептерін жауып, ұлттық тілдегі сабақтарды қысқартып жатып, екінші жағынан, унитарлы мемлекеттердің тілдік саясатын сынау орынсыз дейді.

Тілдің болашағы қандай?

Жалпы, орыс тілі осы күнге дейін БАҚ-тардың таралуы, интернетте қолданылуы жағынан Топ-ондыққа енетін еді. Бірақ жоғарыда айтқанымыздай, Украинадағы соғыс, санкция пакеті әсіресе Ресей БАҚ-тарының әлемдік деңгейде таралуына кері әсерін тигізіп отыр.

Соғыс басталған айдан бастап Еуроодақ елдері ресейлік телеарналардың ретрансляциясын тоқтатты. Шектеу шаралары Франция, Польша, Англия, Литва, Латвия, Эстония елдерінде қолға алынды. Польша Russia Today, RT documentary, РТР-Планета, Россия-24, т.б. телеарналардың таралуын шектеді.

Соңғы мәліметтерге сенсек, Ресей телеарналары Еуроодақ елдерінде, АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Грузия, Молдова, Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанда толық немесе жартылай шектелген. Британияның Ofcom реттеушісі Russia Today арнасының таралуын тыйып, заң бұзғаны үшін 200 мың еуроға дейін айыппұл салған.

Ресейлік ақпарат құралдарын мұхиттың арғы жағындағы Америка да шектеген. АҚШ-тың ірі операторлары – DirectTV және  Comcast «орыс пакетін» мүлдем алып тастаған. Apple мен Google Russia Today арнасының қосымшаларын онлайн-дүкендерден сатып алуға тыйым салды. YouTube пен TikTok оның каналдарын бұғаттап тастады. Ресейдің өзінен көптеген әлемдік телеарналар кетті, атап айтсақ, Paramount – Nickelodeon, MTV Russia, NickToons, т.б. Ал Discovery компаниясы өзінің 15 арнасын алып кетті.

Сарапшылар орыс тілінің ықпалы тек Беларусь, Украина мен Орталық Азия елдерінде ғана сақталады деп болжайды. Ал егер Украина бұл дағдарыстан аман шықса, онда мүлдем жаңа ел боп туады. Бұл елде украин тілі салтанат құрады.

Профессор Томаш Камуселла Екінші Дүниежүзілік соғысқа дейін неміс тілінің ғылым, білім, экономика, инженерия мен сауда-саттық тілі болғанын еске салады. Бірақ соғыстан кейін дүниежүзілік лингва-франка, яғни адамдардың ана тілінен бөлек коммуникация үшін қолданылатын тілі ретінде неміс тілінің орнын ағылшын тілі басса, оның бір бөлігін өз мойнына орыс тілі алды дейді. 1950 жылдардан кейін неміс тілінің географиялық территориясы күрт кеміді. Ол Германия, Австрия, Швейцариядан тыс кеңінен қолданылмайтын болды.

 

  – Бәлкім, соғыс кезеңіндегі неміс тілі сияқты эмиграциядағы жазушылар мен ойшылдар орыс тілінің ашықтығы мен саясаттан тыс универсалдығын сақтап қалатын шығар. Бірақ қазіргі Ресейде қарсылық білдірушілер аз және олардың арасында танымал азаматтар кемде-кем. Сондықтан бұл орыс тілінің қарым-қатынас, мәдениет алмасу және зерттеулер үшін дүниежүзілік лингва-франка ретіндегі позициясын сақтап қалу үшін жеткілікті емес, – деп түйіндейді зерттеуші. Яғни, орыс тілі де соғыстан кейінгі неміс тілінің тағдырын қайталап, сыртта кеңінен таралмайды, ал оның орнын басқа тілдер басуы әбден мүмкін.

Ұсынылатын