Saturday, 23 November,2024

Түрмедегі азап: Соққыға жығылған Тимур Дәнебаевқа қатысты тексеру жүргізіледі

Uaqyt.info
Фото

Әжетхана жуудан бас тартқаны үшін аяусыз соққыға жығылған азаматық белсенді Тимур Дәнебаевқа қатысты түрме қызметкерлерінің үстінен қызметтік тексеріс басталды, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Әлеуметтік желіде тараған видео қоғамда үлкен резонанс туғызды. Онда қамауда отырған Тимур Дәнебаевты бірнеше түрме қызметкерінің дубинкамен сабап жатқанын көруге болады. Алдын ала мәлімет бойынша, жазасын өтеуші әжетхана жуудан бас тартқан.

Қазақстан қылмыстық-атқару жүйесі комитеті атышулы видеоға қатысты пікір білдіріп, қызметтік бабын асыра пайдаланған түрме қызметкерлерінің үстінен тексеріс басталғанын мәлімдеді.

“Әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбалар бойынша Ақмола облысы ҚАЖД мекемесі әкімшілігінің заңды талаптарға бағынбау фактілерінің жолын арнайы құралдарды қолдана отырып кесуі кезінде қызметкерлердің қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану белгілері байқалатынын хабарлаймыз. Қазіргі уақытта осы факт бойынша қызметтік тергеу жүргізілуде, оның нәтижелері бойынша тиісті шешім қабылданатын болады”, – делінген ҚАЖД таратқан мәлімдемеде.

Айта кетейік, азаматтық белсенді Ақмола облысының Атбасар қаласындағы ЕЦ 166/4 мекемесінде жазасын өтеп жатыр. Ол Қаңтар оқиғасынан кейін "20 мың террорист туралы жалған ақпарат таратты" деп президент Тоқаевтың үстінен арыз жазбақ болған. Астана соты Тимур Дәнебаевты 2022 жылы 15 маусымда "Ұлтаралық араздық қоздырды" деген айыппен үш жылға бас бостандығынан айырған болатын.

 

 

Ұсынылатын