Түрмедегі өмір: Төрде отырған Серік Күдебаев жазасын қалай өтеп жатыр?
Алматы облыстық Полиция департаментінің бұрынғы бастығы Серік Күдебаевтың түрмеде түскен суреті пайда болды. Онда экс-генерал өзге жазасын өтеушілермен бірге дастархан басында отыр, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Ғаламторда пайда болған фото көптің қызу талқысына түсті. Онда дастархан басында отырғандардың арасынан 10 жылға сотталған Серік Күдебаевты көруге болады. Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметінің мәліметінше, сотталғандардың бір бөлмеде тамақтануына кедергі жоқ, бірақ ұялы телефон қолдануы және бейнебақылау камерасының обьективін жауып қою фактісі бойынша қызметтік тергеу басталған.
“ІІМ бұйырығымен бекітілген (Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 17 қарашадағы №819 бұйрығы) ішкі тәртіп ережесіне сәйкес, қылымыстық атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтіп жатқандар жақындарымен кездескенде немесе сәлемдеме түрінде тағамдар алуға қақылы. Сондай-ақ олардың бос уақытында жасақ үшін арнайын бөлінген бөлмеде тамақтануына құқығы бар. Тексеру барысында тыйым салынған (алкогольді сусындар) өнімдер табылмаған. Қазіргі таңда сотталғандардың ұялы телефон қолдануы, сонымен қатар бейнебақылау камерасының обьективін жауып қою фактісі бойынша қызметтік тергеу басталды”, - делінген ақпаратта.
Естеріңізге сала кетейік,Талдықорған қалалық сотының үкімімен С.М. Күдебаев "қаңтар оқиғалары" кезеңінде ауыр зардаптарға (ҚК-нің 362-бабы 4-бөлігі) және азаптауларға (146-бабы 2-бөлігі) әкеп соққан билікті асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.