Friday, 22 November,2024

"Түстен кейін маңыраған жоқпын": Жазушылар Одағына мүше болған Әміржан Қосанов өзін сынға алғандарды сыбап алды

Алмас Абылай
Фото Ашық ғаламтордан

Әміржан Қосановтың жақында Жазушылар Одағына мүше болуы көптің талқысына түсті. Тіпті жұрт Жаңа Қазақстанда жаңа қыры ашылды деп әңгіме қылған. Осы жағдайға саясаткер жауап берді, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Әміржан Қосанов мәлімдемесін әлеуметтік парақшасында жариялады. Онда бойында ақындық қасиеті бұрыннан барына тоқталған.

"Байқаймын, мыңға тарта  мүшесі бар Жазушылар Одағы қатарына енуім біреулердің қытығына тиіп кеткен сықылды. Алдымен, осынау қызу пікірталасқа себеп һәм сылтау болған, менің Ғани Мұратбаев ағам негізін қалаған, бірақ кейін бір отбасы жекешелендіріп алып, кадр мәселесін бұрып жіберсе де, тақырыпты жалғастырып, өз мінбесін ұсынған "Жас алаш" газетіне рахмет! Елдің бәрі, баса айтсам, басқа ақындар үндемей қалғанда Заманбек пен Алтынбекке арнаған "9 грамм" атты өлеңімді жариялағаны жөн болды! Қайтейін, ашық саясатта көзге түсіп жүрген соң сөзге ілігу - заңды құбылыс.Соларға жауабым мынадай. Мен - өзінің азаматтық позициясын өлеңмен өрнектеп жүрген қарапайым қазақпын", - дейді саясаткер.

Сонымен қатар жазған өлеңдері кезінде "Жұлдыз", "Жалын", "Таңшолпан" әдеби журналдарында, "Қазақ әдебиеті" газетінде, "Қарлығаш", "Жаңаөзен" жыр жинақтарында, әлеуметтік желілерде, Ютубта жарияланғанын да дәлел ретінде алға тартып отыр.

"Иә, өлеңдерім тым ащы болғандықтан ескі Қазақстанда жеке кітаптарым шыға қоймағаны да рас. Оны да реттермін Жаңа Қазақстан сөзінде тұрса. Біреулер секілді түстен кейін маңыраған жоқпын. Мәселен, Жаңаөзенге арналған өлеңімді сол күндері, біраз мықтылар үндемей қалғанда, жазғанмын дегендей. Оны әлеуметтік лирика деп атайды. Мені көре алмайтындармен салғыласып отыратын уақытым да, зауқым да жоқ", - деп қорытындылайды жазбасын.

Айта кетейік, жақында Жазушылар Одағы қатарына 9 адам мүшелікке өткен болатын.

Ұсынылатын