Sunday, 24 November,2024

Ұят қайда чемпион? Данияр Елеусінов спорт мектебінен 1,5 жыл бойы жалақыны заңсыз алып келген

Uaqyt.info
Фото Ашық дереккөзден

Кәсіпқой боксшы Данияр Елеусінов жалақы дауына қатысты осындай пікір білдірді. Олимпиада чемпионы спорт мектебінен бір жарым жыл бойы алып келген еңбекақысын кері қайтарып, жұмыстан шығып кеткен, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Бұл туралы КТК телеарнасына берген сұхбатында айтты.

“Жақында ғана бір жарым жыл бойы алып келген жалақының барлығын кері қайтардым. Осылайша спорт мектебіндегі жұмыстан шықтым. Енді ол жерде жұмыс істемеймін. Салық мекемесіне барып, арнайы есеп жүргізіп, барлығын төледім. Көп сома деуге келмейді. Тәжірибем де тоқтап тұр. Ресми түрде жұмысқа орналасу керек. Бірақ кәсіби бокста жүргендіктен, ол әзірге мүмкін болмай тұр. Мен өз елімде жұмыс істеуге, өскелең ұрпақпен тәжірибемді бөлісуге дайын болдым. Ешқандай өкпе жоқ. Қазір бәрі жақсы. Жақында шаршы алаңға ораламын деп үміттенемін”, - деді боксшы.

Таяуда ғана Данияр Елеусіновтің Астанадағы мемлекеттік спорт мектептерінің бірінен тұрақты түрде жалақы алып келгені туралы ақпарат әлеуметтік желіні шулатқан еді.

Спортшы бірнеше жылдан бері АҚШ-та тұрып жатқанына қарамастан, спорт мектебіндегі қызметкерлердің қатарынан табылғанына көпшілік күмән келтірген.

Кейін Астана спорт басқармасы да Данияр Елеусіновтің 2021 жылдан бері жаттықтырушы лауазымында жұмыс істейтінін растады.

Ол жартылай штаттық негізде 80 мың теңге көлемінде жалақы алып келген екен. Өзіне қатысты ақпараттың ақ-қарасын ашып айтпаған былғары қолғап шебері араға бір ай салып даулы тақырыптың нүктесін қойды.

Ұсынылатын