Үкімет бензин мен дизель отынының бағасын өсіруге мәжбүр – сарапшы
Мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдинов елдегі бензин бағасының өсуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Бұл туралы Halyq Uni ақпараттық порталы жазды. Онда еліміздегі бензин мен дизель отынының бағасына қатысты сарапшы өз пікірін айтады. Олжас Байділдиновтің айтуынша, бағаның өсуі қазақстандықтардың қалтасына салмақ салмайды.
“Мұны мен бағаның өсуі, қымбаттауы деп айтпас едім. Себебі бұл – саланы шығынсыз болатын дейгейге жеткізу, реттеу. Мұны алғашқы қадам деп айтуға болады. Қазақстанда жалпы энергия, отын шығынға қарамастан сатылып жатыр. Бұл бұрыннан белгілі. Осы жағдай ресурстарды үнемдеуге ынталандырмайды. Екіншіден, дизель мен бензин сыртқа кетіп жатыр. Премьер-министр Әлихан Смайыловтың ұсынысын қолдаймын. БАҚ-та оның айтқан сөздерін сәл басқаша жеткізу болды”, - деді сарапшы.
Ол Қазақстанда АИ-92 маркалы бензин 250 теңгеге (1 литрі), жазға арналған дизель отыны 350 теңгеге сатылуы керек деген пікірде.
“Мысалы, жеңіл көлік орташа есеппен айына 100 шақырымға 10 литр бензин жұмсайды. Демек көлікке айына 100 литр бензин керек. Отын бағасы 20 теңгеге өскенде жүргізуші немесе отбасы отынға айына 2 мың теңге артық жұмсайтын болады. Қазір интернетке одан көп ақша жұмсаймыз. Мен бұны инфляцияға әсер ететін айтарлықтай фактор деп ойламаймын. Әлихан Асханұлы Үкіметтің есебінше жанар-жағармайдың инфлициядағы үлесі 1% екенін айтты. Біз жанар-жағармайға айтарлықтай ақша жұмсамаймыз. Мысалы, ЖЖҚС-дағы отынның бағасын көргенде ол бізге тек психологиялық жағынан әсер етуі мүмкін”, - деді Олжас Байділдинов.