Friday, 22 November,2024

Украина әскері Херсонның бірқатар аймағын жау әскерінен азат етті

Алмас Абылай
Фото ашық ғаламтордан

Ресейдің Украина жеріне басып кіргеніне 425 күн. Басқыншылар әскері Бахмут маңында барынша қысым көрсетуге тырысқанымен, Херсон аймағындағы бірқатар елді-мекенді уысынан шығарып алған, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Америкалық соғысты зерттеу институты (ISW) дерегіне сүйенсек, Украина әскері Херсондағы бұған дейін Ресей қарамағында болған бірқатар елді-мекеннің босатылғанын хабарлады. Дерекке сүйенсек, Днепрдің шығыс жағалауындағы позициялар азат етілген. Тіпті бұл жағдайды ресейлік әскери блогерлер де растаған. Институт мамандарының ойынша, Украинаға Херсонды толықтай азат етуге ауа райы кедергі келтіруде. Соңғы күндері тоқтасыз жауған жауын салдарынан барынша облысты босату мүмкін болмай отыр. Өйткені жердің балшыққа айналуынан ауыр техниканың қозғалуы қиындап тұрған көрінеді.

Десе де Бахмут, Авдеевка және Маринка бағытында басқыншылар әскерінің барынша қысым көрсетуге әрекеттеніп жатқаны байқалады. Соңғы күндері осы өңірлерде қақтығыс қарқыны қатты.

Жалпы Украинаның өз жерін азат ету жолында батыс елдерінен барынша қолдау көрсетілуде. Дегенмен Украина сыртқы істер министрінің орынбасары Андрей Мельник қару-жарақ мөлшері әлі де жеткіліксіз екенін айтуда. Ол одақтас мемлекеттерден 10 есе қару-жарақ жеткізілсе соғысты биыл аяқтауға мүмкіндік болар еді деп отыр.

Сонымен қатар, соңғы күндері миллиардер Илон Масктің де Украинаға қолдау көрсеткені жиі жазылуда. Ол өзінің әлеуметтік парақшасында аталмыш елге 100 миллион доллар аударған.

Ұсынылатын