Ұлттық құндылық - ұлтты құрметтеуден басталады
Алматы облысының Қаскелең қаласындағы “Айгөлек”балабақшасында осындай тақырыпта ауқымды фестиваль өтті. Іс-шараға Қарасай аудандық білім бөлімінің басшылары, әдіскерлер, педагогтер және ата-аналар қатысты, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Балабақша меңгерушісі Айгүл Нұржігітованың айтуынша, мұндай фестивальдер балаларды жастайынан патриотизмге тәрбиелеуде және әр ұлттың құндылықтарын ұлықтауда тигізер пайдасы зор. Өйткені төрт кезеңнен тұратын фестивальде қазақ, орыс, украин, өзбек, түрік ұлт өкілдерінің салт -дәстүрлері, ұмытылып бара жатқан ұлттық ойындары ойналып, ұлттық әндері шырқалып, билері биленді. Сондай-ақ шара барысында әр ұлттың қолөнер бұйымдарынан көрме көрсетілді.
“Біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында өткізіп отырған фестиваліміз жоғарғы деңгейде өтті деп есептейміз. Біздің ең басты мақсатымыз – жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру. Өйткені осы іс-шара арқылы әр бала өзінің ғана емес, өзге ұлттың да мәдениетін құрметтеуге үйренеді. Бүгінгі фестиваль соның бір дәлелі. Балаларға тәрбие берудегі отбасы мен балабақшаның бірлескен нәтижесі”, - деді Айгүл Нұржігітова.