Үш адамның өмірін қиған автобус апаты: даудың басы 150 теңгеден басталған
Алматыдағы автобус апатының куәгерлері даудың басы неден басталғанын айтып берді. “Көреміз” бағдарламасына сұхбат берген жолаушылардың бірі жүргізушіні ұрған ер адамның жолақыны төлемегенін айтады, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Естеріңізге сала кетейік, 22 қарашада автобус жүргізушісін жолаушылардың бірі ұрып, көлік тізгінінде отқан әйел талып қалған болатын.
Соның салдарынан тізгінсіз қалған автобус аялдамада тұрған үш адамды басып кеткен еді. Қазір күдікті қамауда отыр. Ал оқиға куәгерлері бар бәленің басы 150 теңгелік жолақыдан басталғанын айтады.
"22 қараша күні досым екеуміз "Апорт" аялдамасынан мінгенбіз. Бізбен бірге сол ер адам кірді. Біз алдыңғы есіктен, ол ортаңғы есіктен кірді.Ол шекпеген, ішпеген. Енді, көрінеді ғой. Ол кісі ортамен түсіп кетпекші болған, өзінің аялдамасына. Жетінші Қалқаман больницасына дейін келген ол кісі. Сол жерде түсіп қалу керек болған. Жүргізуші оны 6 минуттай күтті. Ол кезде бәрі сыпайы сөйлеп тұрды. Жолаушы (жол ақысын) “смс-пен төлеп қойдым” деді. Жүргізуші “көрсетіңіз” деді. Жүргізуші смс-пен төленбейтінін біліп тұр. Ал, жолаушы көрсете алмай тұр. Сосын іштегі жолаушылар жүрейік деді. “Келесі аялдамадан түсіңіз. Оған дейін төлеп үлгеріңіз” деді жүргізуші. Көпірдің үстіне келгенде, жолаушы ұялды ғой, мені көпірдің үстінен түсір деді. Жолаушы басында жүргізушіге сыпайы сөйлеп тұрды да, артынан артық кетті. Боқтап, балағаттады. Бірақ, жүргізуші оған ештеңе деген жоқ, қарсы шыққан жоқ. Бірақ жүргізуші әйел де шыдамай кетіп, “ал, ұр, істей аласың ба?” деді. Біз айтып үлгергенше, бізге қарап тұрып, екі рет ұрып жіберді. Біз оны ұстап үлгере алмай қалдық", – дейді оқиға куәгері.