Saturday, 23 November,2024

Үш адамның өмірін қиған автобус апаты: кінәліге сот үкімі шықты

Uaqyt.info
Фото ашық дереккөзден

Алматыда ер адам автобус жүргізушісін ұрып, соның салдарынан рөлге ие бола алмай қалған әйел үш адамды мыжып кеткен болатын. Бүгін даулы іске сот нүкте қойды, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Айта кетейік, сот процесі әлеуметтік желілерде тікелей эфирде көрсетілді.

Естеріңізге сала кетейік, қайғылы оқиға Алматыда 2023 жылдың желтоқсанында болды, Д.Ахметжанов әйел жүргізуші басқарған автобуста жүріп жол ақысын төлеу туралы заңды талабына агрессиямен жауап берген.

Жанжал кезінде Д.Ахметжанов автобусты рұқсат етілмеген жерде тоқтатуды талап етіп, жүргізушінің бас тартуынан кейін оның бетінен екі рет ұрған. Ол есін жоғалтып, көлікті басқара алмау салдарынан автобус жол жиегінде тұрған адамдармен соқтығысқан.

Жол апаты салдарынан үш адам оқиға орнында қайтыс болып, бір адам зардап шекті.

Сотталушының кінәсі заттай айғақтармен, сараптама қорытындысымен және бейнебақылау камерасындағы бейнематериалдармен дәлелденді.

Тараптардың позициясы

Прокурор соттан сотталушыны кінәлі деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушы өз кінәсін ішінара мойындады.

 Соттың шешімі

Д.Ахметжанов абайсызда екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан бұзақылық және көлікті қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету ережелерін бұзғаны үшін кінәлі деп танылды. Ол 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сотталушыдан жәбірленуші К.-ның пайдасына 6 397 250 теңге материалдық шығынды және 5 000 000 теңге моральдық шығынды өндіру туралы қаулы қабылданды. Ал жәбірленуші Б.-ның пайдасына 10 000 000 теңге моральдық шығын өндірілмек.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

 

 

 

Ұсынылатын