Tuesday, 11 March,2025

Үзілген үміт: Үш жасар баланы анасынан айырды

Uaqyt.info
Фото

Алматылық сот балаға таласқан америкалық азамат пен оның қазақстандық әйеліне қатысты дауға нүкте қойды. Бірнеше айға созылған істе сот баланы әкесімен қалдырды, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Айта кетейік, үш жастағы балаға қатысты бұған дейін екі мәрте сот процесі өткен болатын. Алғашқыда сот инстанциясы шешімді ананың пайдасына шешсе, одан кейінгісі баланы әкесімен қалу керек деген қаулы шығарды.

Мәселені басынан баяндайық. Отандасымыз Сана Онаева мен АҚШ азаматы  Гарро Гийем Америкада танысқан. Екеуі сол жақта шаңырақ көтеріп, ортада бала дүниеге келеді. Алайда арада біраз уақыт өткенде екеуі ажырасып кетеді. Мұны Сана Онаева бұрынғы күйеуі тарапынан болған қысыммен байланыстырады. Оның айтуынша, бала дүниеге келгеннен кейін күйеуінің мінезі күрт өзгеріп, жиі зәбір көрсететін болған.

Осылайша арадағы кикілжіңнің соңы сотқа ұласып, АҚШ соты баланы әкесімен қалдыруға шешім шығарады. Ал анасымен ара-тұра көрісуге ғана мұрсат беріпті. Осыдан кейін Сана Онаева екі аптаға соттан рұқсат алып, үш жастағы баласымен Қазақстанға келеді. Оның бар үміті - қазақстандық сотта еді...

Алайда ананың бұл үміті бүгін үзілді.  Судья Алмас Рамазанов шешуші сот отырысында  баланы әкесіне қайтару туралы шешім шығарды. Бірақ түбегейлі бұл іске АҚШ соты нүкте қоюы тиіс. Өйткені баланың өзі және ата-анасы  - АҚШ азаматтары.

Соттың бұл үкімімен Сана Онаева және оның адвокаттары келіспей отыр. Олар алдағы уақытта  Жоғарғы сотқа шағым түсірмек. Ал  Гарро Гийемнің адвокаты Абзал Қасымжанов соттың әділ шешім шығарғанына сенімді. Ол жақын күндері шетелдік азамат баланы өзімен бірге АҚШ-қа алып кетеді деп отыр.

Ұсынылатын